4.02.2026, 17:25
Оқылды: 17

Жаңа Конституциялық өзгерістер - әділетті қоғам құрудың маңызды қадамы

Конституция - мемлекеттің негізін айқындайтын, қоғам өмірінің барлық саласын реттейтін басты құқықтық құжат. Уақыт ағымына сай қоғамдық қатынастардың өзгеруі Конституцияны жаңғыртуды да талап етеді. Осы тұрғыда Конституциялық реформа жөніндегі комиссия ұсынып отырған жаңа Конституциялық жоба ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, демократиялық құндылықтарды нығайтуға бағытталған маңызды тарихи шешім болып табылады.

актив 2

Бұл туралы Шыңғырлау ауданы әкімдігінде өткен жиында айтылып,  жаңа Заң жобасы аудан активімен кең талқыланды. Бұл жиынға аудан басшысы Мұрат Өмірәлиев төрағалық етіп, аудан әкімі аппараты, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестер мен үкіметтік емес ұйымдар мүшелері, құқық қорғау органдары, мекеме мен бөлімдер басшылары, ауылдық округ әкімдері мен партия және қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.

-Ел басшысы тарапынан жаңа бастамалар көтеріліп, жаңа тапсырмалар айтылуда. Бұл бастамалар еліміздің стратегиялық даму бағытындағы басымдықтарды айқындап, әділетті Қазақстан құрудағы негізгі құндылықтарды нақтылау, қазіргі әлемдік цифрлық трансформация үдерістеріне бейімделу, Тәуелсіздігіміз бен ел тұтастығын нығайту қажеттігіне бағытталып отыр. Осыған орай Президент Жарлығымен жалпыұлттық деңгейдегі Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылып, 2026-жылғы 31 қаңтарда өз жұмысын толық аяқтады. Комиссия жұмысының нәтижесінде ҚР Конституциясының жаңа жобасы жасақталып, БАҚ беттерінде кеңінен таратылып, халық назарына ұсынылды.

актив9

Біз бүгін тарихи маңызды сәттің куәсі боп отырмыз. Бұл тарих алдындағы ортақ жауапкершілік. Сондықтан, Қазақстан халқы алдағы уақытта да "Бір ел- бір мүдде- бір ұлт" қағидаттары аясында бірігіп, ауқымды міндеттерді жүзеге асыруы тиіс,- деп жиынды ашқан аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев Конституцияның жаңа жобасы құрылымымен таныстырып өтті.

-Конституция саяси- құқықтық әлеуеті мен қуатты және тұрақты ел дамуының берік іргетасы болуы тиіс. Сондықтан да бұл құжатқа енгізілетін әрбір өзгерістер терең талқыланып, жан- жақты ойластырылып халыққа толық және түсінікті жеткізілуі тиіс. Себебі, Мемлекет басшысы Қасымжомарт Кемелұлы атап өткендей, Қазақ мемлекеттілігін нығайту, Тәуелсіздікті сақтау- жаңадан құрылатын Қазақстан Халық Кеңесінің алдына стратегиялық міндет ретінде қойылып отыр. Бұл бастама қоғам сұранысына сай, заманауи талаптарға жауап беретін әділетті әрі құқықтық мемлекет тұғырын одан әрі нығайтуға бағытталған қадам,- деп атап өтті аудан басшысы.

Жаңа Заң жобасын талқыға салған жиында "Amanat" партиясы аудандық филиалының төрағасы Азамат Тағаниязов өз сөзін, бұл басқосудың  еліміздің құқықтық негізі саналатын аса маңызды құжат- ҚР Конституциясының жаңа жобасын талқылауға арналған аса маңызды және жауапты жиын екенін айтты. -Конституция- бұл тек Заңдар жиынтығы ғана емес, мемлекет пен қоғамдық дамудың философиясын айқындайтын, азаматтар құқығы мен бостандықтарының берік кепілі боп табылатын басты құжат. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы Конституциямен тікелей байланысты. Ол еліміздің бірлігін, тұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етіп келеді. Қолға алынып жатырған конституциялық реформалар уақыттың талабына сай, қоғамның сұранысын ескеріп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге,  азаматтардың билікке деген сенімін арттыруға бағытталған. Мемлекет басшысының ұсынып отырған реформалардың түпкі мақсаты Әділетті Қазақстан қағидатын нақты іске асыру. Бұл ең алдымен Заң үстемдігін қамтамасыз ету, адам құқықтары мен бостандығын қорғауды күшейту, билік тармақтары арасындағы тепе- теңдікті сақтау деген сөз. Конституция бекітілген соң қағидалар қоғамның барлық саласында нақты іске асуы тиіс,- деп өз пікірін жеткізді партия филиалының төрағасы.

актив8

Бұдан әрі сөз алған аудандық "Серпін" газетінің тілшісі, ауданның құрметті азаматы- Адақ Шотпанов жаңа Заң жобасындағы Президенттік сайлауды өткізудегі өзгерістерге, елдің Вице-Президентін тағайындау туралы жаңа өзгертулерге тоқталды. Ол, Конституцияның халық-  мемлекеттік биліктің көзі ғана емес, егемендіктің бірден- бір иесі екендігінің кепілі боп тұрған аса маңызды құжат екенін айта келіп, Заң жобасындағы жаңа өзгерістерді қолдайтынын, Ата Заңымыздың мемлекеттік биліктің табиғатын дұрыс түсінбеушіліктің алдын алып, қоғамдағы ішкі логикалық тұтастықты қамтамасыз ететін аса зор мәні бар екенін атап өтіп, Заңымыздағы жаңа өзгерістердің еліміздің жарқын келешегі үшін лайықты қызмет ететініне сенім білдіретінін айтты.

Аудандық мәслихат депутаты Алена Зубенко ұсынылып отырған жаңа Заң жобасы еліміз үшін аса маңызды қадам деп есептеймін деп бастады өз пікірін. Бұл құжаттың мемлекетіміздің қандай құндылықтарға сүйене отырып басымдық берілетініне қарай және біздің қоғамның қандай бағытпен дамитынын нақтылайтынына орай идеологиялық маңызы аса жоғары. Мұнда адам, оның өмірі мен құқықтары, бостандығы бірінші тұр. Бұл мемлекет халыққа қызмет ету керек деген қағиданы бекіте түсетін нақты дәлел. Жаңа жобада да Заң үстемдігі, теңдік пен әділеттілік принциптері ескерілген әділетті қоғам қалыптастыру идеясы жатыр. Бұл әлеуметтік тепе- теңдікті қамтамасыз етіп, Заң алдында барлығы тең екенінін нақтылайды. Сондай- ақ, демократиялық мүмкіндіктер ескерілген, халық билігі үстемдік ала отырып,  шешуші  мемлекеттік қадамдарға қарапайым азаматтардың да үн қосып, халық болып шешім қабылдау мүмкіндігі кеңейген. Мемлекеттік биліктің халық алдында есеп беретіні ескеріліп, осы түсінікті қалыптасуына мүмкіндік жасалған. Бұл өз кезегінде қоғамдағы ашықтық пен билікке сенімді нығайтады. Жаңа жоба қоғамдық келісім мен ұлтаралық келісімді негізгі құндылықтар ретінде бекіте түседі, ал бұл өз кезегінде тұтас еліміздің біртұтастығын қамтамасыз ететін қадам.   Бұлардың бәрі негізгі құқықтық ұстанымдар болғандықтан аса маңызды және мен, Заң жобасындағы жаңа өзгерістерді қолдаймын, - деп өз ойын ортаға салды халық қалаулысы.

Аудандық Білім бөлімінің әдіскері, ұстаз Хадиша Молдағалиева Конституциялық реформалар аясында ҚР-ның жаңа Заң жобасы конституциялық қағидаттар мен жаңа уақыт талаптарын ескере отырып, тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралып, еліміздің ұзақ мерзімді дамуының іргелі бағдарламасы ретінде ұсынылып отыр. Бұл өзгерістер бүгінгі қоғамның тек саяси және қоғамдық  дамуын ғана емес, қоғамның рухани, мәдени және әлеуметтік болмысын да айқындайды.

Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандығын сақтау, Заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту, халықтың әлеуметтік әл- ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясын ілгерілету, қоғамдық диалогты дамыту, еңбекқорлық прогресс пен білім құндылықтары орнықтыру, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи- мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қорғау - еліміз үшін жаңа заманғы қажетті қадамдар екені сөзсіз,- деген ойын ортаға салды. Сонымен қатар, мемлекет жаңа жобадан білім саласындағы адам капиталын, білім беру жолымен инновациялық дамуды мектеп қызметіндегі стратегиялық бағыт ретінде танитынын байқап отырмыз. Ғылыми- техникалық және көркем шығармашылық еркіндігінің конституциялық жобада көрініс табуы мемлекет пен қоғамдық дамудың негізгі бағыттарын айқындайтын қадам боп табылады. Бұл еркіндік инновациялық дамуды, жаңа технологиялар енгізуді және білім экономикасын қалыптастырудың алғышарты болмақ. Сондай- ақ, ақпарат тарату еркіндігінде де адам құқықтары мен оның бостандығын құрметтеу, қадір- қасиетіне, оның денсаулығына және қоғамның моральдық құндылықтарына зиян келтірмеу, қоғамдық тәртіпті бұзбау жөнінде де нақты көрсетілген. Тарихтың әр кезеңінде халық пен билік арасын жалғап тұрған көпір, ол - Заң. Ал сол Заңның шыңы, ең биігі ол- Конституция. Қазақ тарихына көз салсақ әрбір ұлы кезеңдер жаңарумен басталған. Күлтегін жазбаларынан бастап кешегі Алаш идеяларына дейінгі жол әділетке, елдікке ұмтылудың жолы боп келді. Бүгінгі Конституциялық жаңғыру да сол тарихи арнаның жалғасы іспетті. Бұл өткенді жоққа шығару емес, қайта уақыт сынынан өткен құндылықтарды заман талабына сай жаңғырту, ел болашығына қызмет ететін берік құқықтық негіз қалыптастыру деп білемін,- деген ойын жеткізіп, жаңа Заң жобасын қолдайтынын білдірді.

- Біз маңызды тарихи шешім алдында тұрмыз. Бұл әрбір азаматтан жоғары жауапкершілік күтетін маңызды сәт. Тәуелсіз еліміздің ертеңін болашағын айқындайтын, ұлттық құндылықтарымыздың жаңғыруына бағытталған, ел дамуы мен адам құқықтарының басымдығын көздейтін, болашақта ұлттық ортақ мүддеге топтастыратын, егемендігіміз бен жеріміздің тұтастығын қорғайтын құжат- Қазақстан  Конституциясына енгізілген жаңа өзгерістерді халық ішінде кеңінен таратып, терең талқылануын ұйымдастыруымыз керек. Баршаңызды жауапкершілікті терең сезініп, аталған жұмысты белсенді ұйымдастыруға шақырамын.

Мәслихат депутаттарын, қоғамдық кеңес мүшелерін, саяси партиялар мен зиялы қауым өкілдерін, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын, сондай- ақ барлық азаматтарды да осы іске атсалысуға шақырамын,- деп жиынды түйіндеді аудан басшысы.

 

Қорыта келгенде, жаңа Конституциялық өзгерістер- ел болашағын бағдарлайтын, әділетті және өркениетті қоғам құруға бағытталған маңызды шешім және оның толыққанды жүзеге асуы әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығы мен белсенді азаматтық ұстанымына тікелей байланысты. Сондықтан, оны терең түсіну, талқылау және қолдау- әрбір азаматтың тарихи шешімі болмақ.

 

Қаршыға Елемесов,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале