Облыс әкімі Нариман Төреғалиев мемлекеттік қызмет саласының ардагері Вениамин Мұқатаевты қабылдап, мерейлі 70 жасқа толуымен құттықтады.

«Алтын барыс» төсбелгісінің иегері, Орал қаласының құрметті азаматы Вениамин Қадырұлы еңбек жолын қарапайым механиктен бастап, ірі көлік кәсіпорнының басшысына дейін көтерілді. Ол өңірдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және су салаларын басқарып, жемісті еңбек етті. Әсіресе, Орал қаласының әкімі болған жылдары инженерлік желілерді тарту, әлеуметтік нысандар салу және тарихи-мәдени ескерткіштерді жаңғырту ісіне айрықша үлес қосты.
Аймақ басшысы іскерлігімен ел ықыласына бөленген ардагерге сый-құрмет көрсетіп, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі. Мерейтой иесі риза көңілмен алғыс айтып, өңірдің одан әрі дамуына тілектестік білдірді.