Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Сырым ауданындағы ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіштерінің көрмесімен танысты. Кейін округ әкімдерімен арнайы кездесті. Кездесуде «Береке» бағдарламасының жүзеге асырылу жайы сұралды.
«Береке» несиелеу бағдарламасы - ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру үшін қабылданған бағдарлама. Бағдарламаға қатысушы үшін ауыл шаруашылығы малдарын және құстарды бордақылай отырып, ет өнімін алуға және «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша халықты жұмыспен қамтуға мол мүмкіндік беріп отыр.
Сырым ауданында бұл бағытта нақты жұмыстар атқарып жатыр. Бағдарламаның мақсатымен құрылған «Береке – Болашақ!» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің мүшелігінде бүгінгі күні 42 кәсіпкер бар. Кооператив мүшелерінің 33-і негізгі құжаттарын облыстағы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» тапсырды. 20 жеке кәсіпкерге 42, 3 млн теңге көлемінде несие берілді. 27 жеке қосалқы шаруашылық 800 бас ірі қара малды бордақылаумен айналысып жатыр.
Әрбір округтегі жұмысты жекелей тыңдаған облыс басшысы Алтай Көлгінов ауылдағы әріптестеріне ауылшаруашылығы төңірегіндегі жұмыстарды қарқынды жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ
Сырым ауданы
www.zhaikpress.kz