Бүгін Жаңақала аудандық ауруханасына облыстық қан орталығынан трансфузиолог дәрігер Нұрболат Тауасұлы арнайы келіп, ерікті донорлардан қан алу жұмыстарын ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – донорлық қан қорын толықтыру және науқастарды сапалы әрі қауіпсіз қан компоненттерімен қамтамасыз ету.

Кездесу барысында қан тапсыруға ниет білдірген ерікті донорлардың саны айтарлықтай көп болды. Оларға алдымен қажетті медициналық тексерулер жүргізілді. Донорлық қан алу барлық санитарлық-гигиеналық талаптарға сай, қауіпсіздік ережелері толық сақтала отырып жүзеге асырылды.
Мұндай игі бастамалар тұрғындар арасында донорлық мәдениетті қалыптастыруға, адам өмірін сақтап қалуға үлес қосып, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
- Мен Жаңақала ауданының тұрғынымын. Аудандық ауруханада 8 жылға жуық кіші қызметкер болып еңбек еттім, бүгінде зейнеткермін. 2019 жылдан бері тұрақты түрде донор болып, қан тапсырып келемін. Қан тапсырғаннан кейін өзімді сергек, көңіл-күйім көтеріңкі сезінемін.
Донор болу – бір адамның өміріне үміт сыйлау. Осы орайда ауылдастарымды қан тапсыруға шақырамын. Бұл – үлкен жауапкершілік пен сауапты іс, - деді Ғалия Қожаналина.
Райхан Хамзина,
Жаңақала ауданы