Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық университетінде «QURMET» челленджі аясында жастарды жат қылықтардан сақтандыруға бағытталған кездесу өтті.

Іс-шараға Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Олжас Ыбырайымов бастаған полиция қызметкерлері, сондай-ақ облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шукеева қатысты.
Кездесу барысында студенттерге Қазақстанда әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетуге қарсы республикалық ақпараттық науқанның басталғаны туралы мәлімет берілді. Сонымен қатар жастарға сталкинг, бопсалау, алаяқтық, есірткіге әуестену, дропперлік сияқты қоғам үшін қауіпті әрекеттер туралы тың ақпараттар ұсынылды.
Полиция подполковнигі Олжас Ыбырайымов өз сөзінде қазіргі таңда қоғам үшін аса өзекті екі мәселені атап өтті.
– Біріншісі – сталкинг, яғни адамның артынан қалмай қудалау. Екіншісі – некеге мәжбүрлеу. Бұл әрекеттер адамның жеке еркіндігіне, ар-намысына тікелей қауіп төндіреді. Мемлекет бұл мәселелерге ерекше назар аударып отыр. Жақын арада құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жаңа заң күшіне енеді. Әрбір азамат өз құқықтарымен қатар, жауапкершілігі мен міндеттерін де білуі тиіс. Полиция құрылымдарына түскен әрбір арыз тіркеліп, міндетті түрде тексеріледі. Жаңа заң аясында профилактикалық бақылау күшейтіліп, қауіп тобына жататын адамдармен жеке жұмыс жүргізіледі. Біздің облыста сталкинг пен некеге мәжбүрлеу деректері бойынша екі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Соның бірі – жәбірленушінің бұрынғы жұбайы. Заңды түрде ажырасқанымен, бұрынғы күйеуі әйелін аңдып, қудалап, еркіндігін шектеген. Бұл – сталкинг белгілері. Сондықтан қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деді ол.
Ал облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шукеева батыс өңірінде алып қашу деректерінің сирек кездесетінін атап өтті.
– Басты мақсат – қоғамда кездесетін келеңсіздіктердің алдын алу. Ең бастысы отбасы құндылықтарына ерекше мән беруіміз қажет. Өйткені отбасында тұрақтылық болса, мемлекетте де тұрақтылық болады. Науқан аясында «QURMET» челленджі жарияланды. Қатысушылар әлеуметтік желілерде фото, бейне және қысқа мәтіндер жариялау арқылы құрмет пен жеке шекара ұғымы жөніндегі өз пікірлерін білдіре алады, – деді ол.
Айта кетейік, Қазақстанда әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетуге қарсы республикалық ақпараттық науқан басталды. Іс-шара некеге мәжбүрлеу, сталкинг және әйелдерге қатысты өзге де зорлық-зомбылық түрлеріне төзбеу қағидатын қалыптастыруға, сондай-ақ азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Науқан 10 наурызға дейін жалғасады.
Науқанның негізгі мақсаты – әрбір әйел мен қыз бала үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, зорлық-зомбылыққа жол жоқ екенін және мұндай әрекеттердің міндетті түрде жауапкершілікке әкелетінін қоғамға кеңінен насихаттау.
Осы науқан аясында мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында және еңбек ұжымдарында кездесулер ұйымдастырылады. Сонымен қатар заңгерлер, полиция қызметкерлері мен психологтардың қатысуымен дәрістер, жастарға арналған жеке шекара мен қауіпсіз орта тақырыбындағы тренингтер, ата-аналармен балаларды қысым мен манипуляциядан қорғау жолдары жөнінде кездесулер өтеді деп жоспарлануда. Теледидар мен интернет кеңістігінде әлеуметтік роликтер, подкастар және тақырыпты терең меңгерген сарапшылардың қатысуымен сұхбаттар жарияланбақ.

Егер сіз немесе жақындарыңыз зорлық-зомбылыққа, қудалауға немесе некеге мәжбүрлеуге тап болса, 102 нөмірі арқылы полицияға, 111 – Ұлттық сенім телефонына, сондай-ақ өңірлердегі Отбасын қолдау орталықтары мен дағдарыс орталықтарына хабарласуға болады.
Науқанға блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшылары да белсенді түрде қатысуда. Мәдениет және ақпарат министрлігі барлық азаматтарды бұл бастамаға үн қосуға, кездесулерге қатысуға, балалармен жеке шекара тақырыбында ашық сөйлесуге, зорлық-зомбылық көріністеріне бейжай қарамауға және әлеуметтік желілердегі бастаманы қолдауға шақырады.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»