13.02.2026, 16:45
Оқылды: 14

Отбасы орталығы: Жанұя жылуы сөнбесін! 

Бүгін Сырым ауданында Отбасын қолдау орталығы жанындағы өмірде қиын жағдайға тап жанұяларды ерте анықтау және қолдау көрсетуді ұйымдастыру бойынша  мобильді топ мүшелері үшін семинар өтті. Округ әкімдері, мектеп директорлары, полиция испекторлары қатысқан жиынға Сырым ауданы әкімі аппаратының басшысы Максим Тілегенов төрағалық етті.

5222112858626266088

Сырым ауданы әкімінің 2024 жылғы 09 желтоқсан №204 қаулысымен Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанынан «Отбасын қолдау орталығы»  коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды.
Жаңа мекеменің басты мақсаты - отбасы институтын нығайту. Себебі, елдің берекесі жанұялардағы жарасты тірлікке тікелей байланысты. Қазақтың ““Отан отбасынан басталады” дегені сол.

Орталық әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға кешенді көмек көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасындағы дағдарыстық жағдайларды ерте анықтау,
отбасылық жанжалдарды шешумен айналысады. Бұл бір қарағанда ерлі - зайыптылардың өз арасында шешілуге тиіс мәселелер секілді. Бірақ, тұрмыстық кикілжіңнің салдарынан балалар зардап шегеді. Міне, отбасын қолдау орталығы ашуға берілгендерді сабырға шақырып, жылы ұясынан безінгендерге ақыл айтып, жүрегі жылағандардың жасын сүртіп, екі жаққа елеңдеген балалардың жасын сүртіп сауапты қызмет атқарып жатыр.

Семинар жұмысында негізгі баяндаманы “Отбасын қолдау орталығы” ММ директоры  Ақкүміс Хамитова жасады. Сала бойынша өз сараптамасы мен пікірін айтты:

Отбасы саясатын нығайту, құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және профилактикалық жұмыстарды күшейту бағытында мекемелер мен ұйымдар арасындағы өзара ынтымақтастық меморандум жасауды ұсынамын. Сондай - ақ, “Отбасын қолдау орталығының”  штаттық бірліктерін толықтыру қажет. Жанұяларда түйткіл көп, олар қордаланып қоғамдық мәселеге айналады. Орталыққа әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман, халықпен профилактикалық жұмыс жасайтын қызметкерлердің штаттық бірліктері сұранысқа ие.
Аудан әкімдігі ауылдық округтерден түскен сигналдар бойынша уақтылы әрекет ету үшін көлік мәселесін шешуге ықпал жасаса екен. - деді Ақкүміс Хамитқызы.

Орталыққа осы кезге дейін 106 адам жүгінген. Олардың дені  әлеуметтік көмек 96 сұраған. 64 психологиялық, 29  заңгерлік кеңес берілген.
Өкінішке орай, ауданда тұрмыстық зорлық - зомбылыққа ұшыраған жандар да бар екен. Бір жылдың ішінде 6 әйел дәл осы мәселемен орталық есігін қаққан. Бұл жағдайда үйде тек “ыдыс - аяқ сылдырлады” деп жылы жабуға болмайды. Ас үйдегі “боксшылар” - қоғамның жауы.

Бұл тақырыпқа қатысты өз деректерін Сырым аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің “Отбасының тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес” тобының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспекторы Самал Ихсанова да ұсынды.

Инспектордың айтуынша, бүгінгі таңда отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласына катысты Сырым АПб ҚР ҚК-нін 109-1,108-1 баптары бойынша тергеліп жатқан қылмыстық іс өндірісте жоқ. Бірақ, 2025 жылы 108-1 бап бойынша үш қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданды.

Мына цифрлар ойландырмай қоймайды.
ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы, түсінікті тілмен айтқанда отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттергеқатысты деп 37 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылған. Оның 13 медиация бойынша тоқтатылған. 4 хаттама негізінде әкімшілік қамақ тағайындалған.
Сырым аудандық полиция бөлімі, қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Бекболсын Меңешов алаяқтардан сақ болуға шақырды. Әсіресе, виртуалды ойынға үйір балаларға хакерлерден келетін залал көп. Облыста интернет - алаяқтар күмәнді сілтемелер арқылы жасөспірімдердің телефондарын бұғаттап, оны ашу үшін қомақты қаражат сұраған жағдайлар кездескен.

5222112858626266089

Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың  өзара іс-қимылын автоматтандыру үшін «FSM SOCIAL» цифрлық платформасын қолдану маңызды. Қолданбаның нұсқаулықтарымен отбасын қолдау орталығының кейс-менеджері Әселім Нурбаллина таныстырды.

Бауыржан Ширмединұлы, 
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале