14.02.2026, 15:30
Оқылды: 13

Кама жырлары шалқыған күн

Кеше Қадыр Мырза Әлі атындағы орта мектеп мәжіліс залында ұлағатты ұстаз, ақын, сазгер Кама Хабиеваның 90 жасқа толуына арналған «Періште көңіл – парасат пайымы» атты әдеби-сазды кеш өтті.

PHOTO-2026-02-13-16-33-01

38 жыл бойы білім мен жас ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан ардагер ұстаздың мерейтойына арналған шаралар ауданда ертерек бастау алған еді. «Балдырған жүрекке ұстаздан өсиет» атты балабақша бүлдіршіндерінің Кама әжемен кездесуі, үйірме оқушыларының тағылымды тәрбие сағаттары, «Жырмен сусындаған ұстаздық жол» атты әдеби көрме – соның айғағы.

Кешке жиналған қауымның қарасы қалың болды. Бұл – 90 жастың төріне шыққан Кама Хабиқызына деген құрмет пен ақын жырына деген ілтипаттың көрінісі.

Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов мерейтой иесіне жүрекке ой саларлықтай лебізін білдіріп, аудан әкімі Жұмагелді Батырниязовтың атынан құттықтау хат табыстады. Иығына камзол жауып, құрмет көрсетті.

Кеш төрінде жас ұстаздар мен шәкірттер ғана емес, Кама Хабиқызымен ұзақ жыл бірге еңбек еткен ардагер ұстаздар да болды. Олардың қатарында Гүлшат Сәлімгереева, Маржан Бектемісова, Ким Федиянин, Гүлбақша Ерғалиева, Айкөркем Қонақбаева сынды әріптестері өткен күндерді еске алып, ақ тілектерін арнады.

Сондай-ақ, Amanat партиясының Сырым аудандық филиалының төрағасы Талғат Дарғожиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мүсірбек Айташев те ізгі ниеттерін жеткізді.

PHOTO-2026-02-13-16-33-03

Кама ананың кеші көңілдерді тербеудей-ақ тербеді десек шындық!

Кештің көркемдік шырайын аша түскен – ҚР мәдениет саласының үздігі, әнші-сазгер, Сырым ауданының құрметті азаматы Жаскелең Ғайсағалиев болды. Ол Кама Хабиеваның сөзіне жазылған «Жымпиты – құт мекен» әнін шебер орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Сонымен қатар «Айналайын» би ансамблі, балабақша бүлдіршіндері, мектеп оқушылары мен өнерпаз ұстаздар жыр мен әннен, биден шашу шашты.

PHOTO-2026-02-13-16-33-02

Әдеби кеш барысында Сырым аудандық білім беру бөлімі құрастырған ақынның «Ғұмырнама» атты жыр жинағының тұсауы кесілді. Ал «Ұстаздардың жанарынан от көрем» өлеңіне жазылған әнді аудандық балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының ұстазы Алтынбек Қанатқалиев нақышына келтіре орындады. Әнге тәнті болған көрермендер орындарынан тұрып, ұзақ қол соғып, құрмет көрсетті.

Бұл кеш – ақын, сазгер, ұстаз Кама Хабиеваға деген шынайы ілтипаттың, періште көңілі мен парасат-пайымына деген шексіз ризашылықтың жарқын көрінісі болды.

Мүсірбек Әлібекұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале