15.02.2026, 11:30
Оқылды: 9

Бәйтеректік Азат Батыр қалалық турнирден жүлделі оралды

Таяуда Оралда тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек жандар арасында боччадан өткен ашық қалалық турнирден жерлесіміз жүлделі оралды.

image-14-02-26-06-52-1

Бұл сайыста Орал мен облысымыздың аудандарынан келген 6 команда құрамында 60-қа жуық спортшы өзара бақ сынасты. Олардың ішінде бәйтеректіктер де бар.
Айта кетейік, бочча — тірек-қимыл аппараты зақымданған, церебралды сал ауруы немесе басқа да ауыр неврологиялық дерттері бар жандарға арналған паралимпиадалық спорт түрі. Ойынның мақсаты — қызыл немесе көк түсті былғары доптарды нысана ретінде қойылған ақ допқа (джек-бол) барынша жақын орналастыру арқылы ұпай жинау. Қарапайым көрінгенімен, бұл спорт түрі дәлдікті, тактикалық тұрғындан ойлай білуді, шеберлікті талап етеді.
Бұл турнирде аудан намысын үш спортшы қорғады. Солардың ішінде І топ мүгедегі Азат Батыр 3-орын алды. «Мұның өзі біз үшін үлкен жетістік,-дейді бәйтеректіктерді осынау жарысқа бастап барған аудандық «Сенімді болашақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арман Айтпаев.-Себебі, бұл спорт түрі бойынша ауданымызда ешқандай секция жоқ. Қазіргі таңда аудан бойынша боччамен бар болғаны төрт адам ғана айналысады. Олар тек өз ынталары мен талпыныстарының арқасында дайындық жасап жүр. Ал қалада арнайы секциялар жұмыс істейді. Соған орай оралдықтар мықтылық танытуда».
Жарыста жетістікке жеткен переметныйлық Азат Батыр спортпен тұрақты айналысып келеді. Өз бетімше шыңдалып жүр. Бұған дейін садақ ату, пауэрлифтинг, армрестлинг секілді спорт түрлері бойынша жарыстарға қатысқан.

image-14-02-26-06-52-3
-Боччамен арнайы айналысқан емеспін. Бұл спорт түрін алғаш көргенде қызығушылық танытып, байқап көруге бел будым. Сол себепті бұл турнирге аса дайындалған жоқпын. Жүлделі орын аламын деген ой болған емес. Қола жүлде бұйырғанына қуаныштымын. Жалпы жарыс өте қызықты өтті. Жаныма жақын жандармен танысып, жаңа достар таптым. Ең бастысы, тәжірибе жинадым,- дейді Азат Ахметұлы.

Салтанат Шоқан

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале