Облыста жаңа Конституция жобасын талқылау аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-да өткен жиында Ата заңға енгізілетін өзгерістер жан-жақты таныстырылды.
Кездесуді жүргізген кәсіпорынның бас директоры Рүстем Майранов әріптестерінің референдумға қатысып, белсенді азаматтық ұстаным көрсетуі маңызды екенін айтты. Өйткені референдум тек саяси іс-шара емес, ел болашағына деген ортақ жауапкершілікті айқындайтын, мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын тарихи оқиға болмақ.

– Қазақстан Тәуелсіз мемлекет ретінде Конституциясын қабылдады. Ата заң елдің тыныштығы мен тұрақтылығының, азаматтардың құқығының қорғалуына негіз болды. Отыз бес жыл өтіп, жаңа ғасырға қадам бастық. Тың технологиялар дамып, жаңа көзқарастар пайда болып жатыр. Сондықтан уақыт көшіне ілесу үшін конституциялық реформаның қажеттігі туындады. Халыққа жаңа Конституцияның жобасы талқылауға ұсынылғанда 10 мыңнан астам ұсыныс-пікір түскен. Ғалымдар, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар да ашық талқылап, қоғамға қажетті ұстанымды қалыптастыруға мүмкіндік берді. Азаматтардың тілек-пікірлері ескеріліп, құжаттың нақты жобасы әзірленді. Президенттің Жарлығымен 15 наурызда референдум өтетін болып белгіленді, – деген облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Атауов еңбек ұжымын елдің жарқын болашағы үшін саяси науқаннан сырт қалмай, белсенді қатысуға шақырды.

Қазақстан Халық партиясының БҚО филиалының төрағасы Борис Лаврентьев әлем өзгеріп, геосаяси жағдай күрделеніп жатқан заманда елдің басқару жүйесі де икемді, тиімді әрі ашық болуы керек деді. Бірпалаталы Парламент, яғни 145 депутаттан және 8 комитеттен тұратын Құрылтай құрудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ел үшін маңызды мәселелер бойынша ұсыныс айтатын жоғары консультативтік алаң – Халық Кеңесі жөнінде түсіндірді. Жаңа Ата заң жобасында азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау мәселесі алғаш рет конституциялық деңгейде нақтыланған да атап өтті. Жобаның ІІ бөліміндегі 21-бапқа сәйкес, әркімнің жеке және отбасылық өмірінің құпиялылығын, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғауға заңмен кепілдік берілген. Кездесу соңында Борис Лаврентьев референдумда әр адамның дауысы шешуші рөл атқаратынын, сондықтан компания қызметкерлерін азаматтық белсенділік танытуға, жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырды.
«Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ның технигі, жас маман Бауыржан Каки ел болашағы әр адамның қолында екенін, сондықтан әріптестерін референдумнан шет қалмауға үндеді. Кездесуге қатысқан компания қызметкерлері өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, тұшымды жауап алды. Бұл басқосуға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Қонысбаев та қатысты.
Айна ИМАШЕВА,
«Орал өңірі»