20.02.2026, 14:45
Оқылды: 52

Оралда «Oral Winter Fest – 2026» қысқы спорт фестивалі салтанатты түрде ашылды

Ақжайық өңірінде «Oral Winter Fest – 2026» қысқы спорт фестивалі мен құсбегіліктен ересектер арасындағы XIX Қазақстан Республикасының чемпионаты салтанатты түрде ашылды. Орал қаласында өткен ауқымды шара қысқы спорт түрлері мен ұлттық мұраны ұштастырған ерекше мерекеге айналды.

WhatsApp Image 2026-02-20 at 15.23.01 (5)

Салтанатты жиында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев сөз сөйлеп, өңірде бұқаралық спортты дамыту мен ұлттық дәстүрлерді жаңғырту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Ол мұндай фестивальдердің жастарды салауатты өмір салтына баулып, ел бірлігін нығайтудағы маңызын атап өтті.

WhatsApp Image 2026-02-20 at 15.23.01 (6)

Шара барысында қазіргі таңда Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындары да сөз болды. Байрақты бәсекеде Қазақстан спортшылары ел намысын қорғап жатқаны, соның ішінде Михаил Шайдоровтың жеңісі ерекше мақтаныш екені айтылды. Сондай-ақ жерлес шорт-трекші Абзал Ажғалиевтің халықаралық аренадағы өнеріне қолдау білдірілді.

WhatsApp Image 2026-02-20 at 15.24.47

Фестиваль мен чемпионаттың ашылуына ҚР Құсбегілік федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы, құсбегіліктен ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Базарбек Күнтуған және БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов қатысты.

WhatsApp Image 2026-02-20 at 15.23.01 (4)

Шара аясында құсбегіліктің елімізде спорт ретінде қалыптасуына зор үлес қосқан Бағдат Мүптекеқызының 70 жас мерейтойы аталып өтті. Өңір басшылығы атынан оған шапан жабылып, сертификат пен алғыс хат табысталды.

WhatsApp Image 2026-02-20 at 15.23.01 (9)

Сонымен қатар аймақ басшысының алғыс хатымен спорт саласының дамуына үлес қосқан Асылай Серікқызы, Нұрболат Айдынғалиұлы және Берген Қапышұлы марапатталды.

Фестиваль аясындағы жарыстар таңертең басталып, алғашқы болып бала шаңғышылар сынға түсті. Ұлдар мен қыздар арасындағы жарысқа 200-ден астам жас спортшы қатысып, өз шеберліктерін көрсетті. Ашылу салтанаты кезінде осы бүлдіршіндер сахна төрінде арнайы марапатталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сыйлықтар табысталды.

WhatsApp Image 2026-02-20 at 15.23.01 (8)

Бағдарлама аясында құсбегіліктен Қазақстан Республикасының чемпионатының сайыстары әрі қарай жалғасады. Сонымен қатар балаларға арналған түрлі ойын-сауық шаралары ұйымдастырылған. Кішкентай қонақтар шаңғы тебу, коньки тебу, сырғанақта сырғанау, топтық жарыстар, керлинг, шайба салу, қашықтыққа шайба ұру сияқты қысқы ойындарға қатыса алады. Көрермендер үшін концерттік бағдарлама да ұсынылады. Фестиваль ертең де жалғасады.

WhatsApp Image 2026-02-20 at 15.23.01 (7)

«Oral Winter Fest – 2026» қысқы спорт фестивалі мен құсбегілік чемпионаты ұлттық дәстүр мен заманауи спортты тоғыстырған маңызды оқиға ретінде өңір өміріндегі елеулі шаралардың біріне айналып отыр. Ақ қар жамылған Ақжайық төріндегі бұл мереке тұрғындар мен қонақтарға ерекше рух пен көтеріңкі көңіл күй сыйлауда.

 

Бекзат Қанәділ,

Фотоға түсірген: Мейірбек Тажқұранов
zhaikpress.kz

WhatsApp Image 2026-02-20 at 15.23.01 (3)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале