20.02.2026, 15:45
Оқылды: 91

Әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісі: Оралдық кәсіпкер қызметкеріне баспана сыйлады

Батыс Қазақстан облысында «Садирова» ЖШС-нің иесі, кәсіпкер Ардақ Жақыпқызы өзінің көп жылдар бойы адал қызмет атқарып келе жатқан қызметкеріне 1 бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Игі іс қасиетті Рамазан айында жүзеге асырылып, ұжым үшін де, өңір жұртшылығы үшінде ерекше қуанышты жаңалық болды.

WhatsApp Image 2026-02-20 at 16.36.49

Ардақ Жақыпқызы 2012 жылдан бері шағын кәсіпкерлік саласында табысты еңбек етіп келеді. Ол – @Dom_ari қонақжай үйлер желісі және @idshop балалар және әйелдер дүкенінің негізін қалаушы. Бүгінде кәсіпкер өз ісін тұрақты дамытып, 10-нан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның айтуынша, бизнестің басты құндылығы – сенім мен команда.
«Кәсіп бастау оңай емес. Бірақ оны дамытуда қасыңда сенімді, адал адамдар болса, алынбайтын асу болмайды. Мен әрқашан ұжымымды ең үлкен байлығым деп есептеймін. Сондықтан олардың еңбегі еленуі тиіс», – дейдіАрдақ Жақыпқызы.
Кәсіпкердің айтуынша, қызметкеріне баспана беру туралы ой бір күнде туындамаған. Бұл – жылдар бойғы еңбектің, сенімнің және өзара құрметтің нәтижесі.
«Бұл шешімге ұзақ уақыт бойы дайындалдым. Көп жылдан бері кәсіптің барлық кезеңінде жанымнан табылған, жауапкершілікті жоғары қоятын қызметкеріме алғысымды сөзбен ғана емес, нақты іспен білдіргім келді. Әр адам тұрақты баспананы армандайды. Сол арманның орындалуына себепкер болу – мен үшін үлкен бақыт», – деп бөлісті кәсіпкер.
Ардақ Жақыпқызы бизнестің тек табыс табумен шектелмеуі керектігін айтады. Оның пікірінше, кәсіпкер қоғам алдында да жауапты.
«Бизнес – тек қаржылық көрсеткіштер емес. Бұл – адамдардың тағдыры, олардың ертеңгі күніне деген сенімі. Егер кәсіпкердің мүмкіндігі болса, ол міндетті түрдеәлеуметтік бастамаларға үлес қосуы керек. Бұл – адамгершілік қағида», – дейді ол.
Айта кету керек, кәсіп иесі жыл сайын қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеді. Әсіресе мектеп жасындағы балаларды жаңа оқу жылына дайындауға бағытталған «Мектепке жол» акциясына тұрақты түрде қолдау көрсетіп, қала, аудандардағы аз қамтылған отбасыларға ірілі-ұсақты көмек беруді дәстүрге айналдырған.
«Қоғам бізге сенім артады. Сол сенімді ақтау – біздің міндетіміз. Жақсылық жасау үшін үлкен мінбердің керегі жоқ. Ниет болса жеткілікті», – деп атап өтті кәсіпкер.

WhatsApp Image 2026-02-20 at 16.36.50

Мемлекет басшысы да бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселесін үнемі көтеріп келеді. Осы тұрғыда өңір кәсіпкерлерінің нақты істері қоғамда оң серпін қалыптастырып, өзгелерге үлгі болары сөзсіз.
Ардақ Жақыпқызының бұл бастамасы – адал еңбек пен сенімге көрсетілген жоғары құрметтің, бизнестегі адами құндылықтардың айқын дәлелі.

 

Индира Маратқызы,
Орал қаласының тұрғыны

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале