23.02.2026, 9:30
Оқылды: 46

Сырым ауданы: Бөгетті де соғады, жол да болады

Сырым ауданы, Жетікөл ауылдық округіндегі жиналыста әкім Айдархан Рамазанов тұрғындар алдындағы есеп беру жиынында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді баяндады.

PHOTO-2026-02-18-23-52-36

Бүгінде Жетікөлде 32 шаруа қожалығы, 3 ЖШС және 1 тұтынушылар кооперативі тұрақты жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар 36 жеке кәсіпкер тіркелген. Оның ішінде 5 кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамытуға нақты бет бұрған.

Жағымды жаңалықтардың бірі – «Қарақұдық» шаруа қожалығы құмға еккен қауын-қарбызы мол өнім беріп, жәрмеңкелерде жоғары сұранысқа ие болғаны. «Ауыл аманаты» жобасы тек мал шаруашылығымен шектелмей, бүгінде балық өсіру, жүн түту, көрпе тігу, меринос қой және сүтті сиыр өсіру бағыттарына да серпін беріп отыр.

Дегенмен, күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер де жоқ емес. Жеке тұрғындардың малын бағатын бақташы мәселесі жыл сайын көтерілгенімен, нақты шешімін таппай келеді. Ауылдық дәрігерлік амбулаторияға қажетті жедел жәрдем көлігін алу мәселесі де тұрғындарды алаңдатады. Сонымен қатар «Ақбұлақ» бағдарламасының жүзеге асу мерзімі белгісіз күйде. Қазіргі таңда ауыл халқы ауыз суды тасымалдап пайдаланып отыр.

Осындай қиындықтарға қарамастан, жұртшылық жылт еткен жақсы жаңалыққа қуана білуде. Соның бірі – Қосарал ауылының 14 шақырымдық кірме жолын күрделі жөндеу (асфальттау) жұмысы. Бұл жобаны «Тоби» ЖШС қолға алмақ, жоба құны – 774 млн теңге.

PHOTO-2026-02-18-23-51-17

Сондай-ақ, ауыл өмірінде маңызы зор Бұлдырты өзеніне бөгет салу жұмысы басталды. Мердігер «Құрылыс Газ» ЖШС құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

Мүсірбек Айташев, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале