Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің өңірге жасаған жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан іргелі кәсіпорындардың бірі – «Әлем» шаруа қожалығының қызметімен танысты. Сапар барысында шаруашылықтың жетістіктеріне жоғары баға беріп, саланы дамыту бағытындағы жұмыстардың жай-күйін зерделеді.

«Әлем» шаруа қожалығы 2004 жылы құрылып, қысқа мерзім ішінде өңірдегі мал шаруашылығының флагманына айналды. 2007 жылы оған асыл тұқымды ірі қара өсіретін шаруашылық мәртебесі берілсе, 2010 жылы «Көшім» тұқымды жылқы өсіретін асыл тұқымды шаруашылық ретінде танылды. Бүгінде қожалық республика көлемінде асыл тұқымды мал өсіру ісінде жоғары беделге ие.

Қожалықтың негізгі бағыты – қазақтың ақбас сиыры мен «Көшім» тұқымды жылқысын өсіру және асылдандыру. Мал шаруашылығын дамытуға баса мән берілген кәсіпорында заманауи технологиялар мен инфрақұрылымдық нысандар тиімді пайдаланылуда. Атап айтқанда, 2012 жылдың желтоқсанында іске қосылған 1000 бас ірі қара малына арналған бордақылау алаңы жұмыс істейді. Бұл нысан мал бордақылау үдерісін жеделдетіп, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Қазіргі таңда шаруа қожалығында асыл тұқымды ірі қараның саны 819 басқа жетсе, «Көшім» тұқымды жылқының басы 1146-ға толып отыр. Мал шаруашылығымен қатар, жем-шөп базасын нығайтуға да көңіл бөлінген. Шаруашылықтың жалпы жер көлемі 26 013 гектарды құрайды.

«Әлем» ШҚ жетекшісі Искендир Илимисов облыс әкіміне шаруашылықтың алдағы жоспарлары жөнінде баяндап, тікелей пікір білдірді.

– Біздің басты мақсатымыз – асыл тұқымды мал басын көбейтіп қана қоймай, оның сапасын арттыру. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында материалдық-техникалық базамызды нығайтып, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік алып отырмыз. Алдағы уақытта бордақылау алаңының қуаттылығын арттырып, экспорттық әлеуетті күшейтуді жоспарлап отырмыз. Ауыл жастарын жұмыспен қамтып, тәжірибелі мамандарды тарту да негізгі міндеттеріміздің бірі, – деді шаруашылық басшысы.

«Әлем» ШҚ аймақтағы жұмыспен қамту мәселесіне де өз үлесін қосуда. Қожалықта 12 адам тұрақты жұмыс істесе, маусымдық кезеңде жұмысшылар саны 18–20 адамға дейін артады. Орташа айлық еңбекақы мөлшері 145 мың теңгені құрап, сала мамандарының лайықты табыс табуына жағдай жасалған.
Шаруашылықтың материалдық-техникалық базасы да нығайып келеді. Қазіргі таңда техника паркі 15 бірліктен тұрады, оның ішінде 8 трактор бар. Бұл техника жер жырту, жем-шөп дайындау және басқа да шаруашылық жұмыстарын сапалы әрі уақтылы жүргізуге мүмкіндік береді.
Сапар қорытындысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев «Әлем» шаруа қожалығы ұжымының жұмысына жоғары баға беріп, мал басын асылдандыру мен өндіріс көлемін арттыру бағытындағы бастамаларды қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ аймақ басшысы ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын және бұл бағытта өңірлік билік тарапынан қажетті көмек көрсетілетінін атап өтті.
Дәулет Гайнуллин
Жәнібек ауданы