Казталов ауданы орталығында аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың төрағалығымен 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөнінде кеңес өтті. Жиынға Батыс Қазақстан облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов пен комиссия мүшесі Асланбек Ғұбашев қатысып, мемлекеттік органдар өкілдерімен дайындық барысын талқылады.

Кеңеске аудандық аумақтық референдум комиссиясының мүшелері, аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихат төрағасы, құқық қорғау органдарының басшылары, салалық бөлімдер мен мекемелердің жетекшілері қатысты.
Жиында сөз алған облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Әділ Тауфиқұлы алдағы саяси науқанға дайындық жұмыстарын пысықтап, заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Ал аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Жанболат Темірғалиев учаскелік комиссиялар мен дауыс беру орындарының дайындығы жөнінде баяндады.

Оның айтуынша, аудандық аумақтық референдум комиссиясының құрамы 7 мүшеден тұрады. Аудан бойынша 35 учаскелік референдум комиссиясында 209 мүше жұмыс істейді. Жалпы алғанда, 36 комиссия құрамында 216 адам референдумды әзірлеу мен өткізуге атсалысады. Барлық дауыс беру учаскелері қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Қазіргі таңда аудан аумағында дауыс беруге құқығы бар 15923 азамат тіркелген. Жанболат Серікқалиұлы референдум комиссиялары заң талаптарына сәйкес жұмыс істеуге толық дайын екенін жеткізді.
Кеңесте аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев алдағы референдумға дайындық барысы туралы хабарлама жасады. Аудан бойынша сайлаушыларға арналған жедел желі нөмірлері бекітілген. Жедел желі жұмыс уақыты – 9:00-ден 18:30-ға дейін. Жауапты маман – аудан әкімі аппаратының бас инспекторы.
Бүгінде аудан аумағында 35 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істейді. 2025 жылы 4 учаске жабылып, жақын орналасқан учаскелерге біріктіріліп, шекараларына өзгерістер енгізілген. Қазіргі таңда учаскелер орналасқан ғимараттарды өрт қауіпсіздігі мен санитарлық талаптарға сәйкестендіру, қажетті жабдықтармен қамту жұмыстары жүргізілуде. Электр энергиясы өшкен жағдайда қосымша генератормен қамтамасыз ету мәселесі де назарға алынған.
Учаскелік референдум комиссиясы жоқ 16 ауылдық елді мекенде дауыс беру күні сайлаушылардың өтініштері негізінде жылжымалы жәшік арқылы дауыс беру ұйымдастырылады.

– 15 наурызда өтетін референдум – әрбір азаматтың ел болашағына қатысты өз таңдауын жасауына берілген маңызды мүмкіндік. Жергілікті атқарушы орган тарапынан ұйымдастырушылық жұмыстар жалғасады, – деді Серік Ерболатұлы.
Кеңесті қорытындылаған аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы 2026 жылғы 15 наурызға белгіленген республикалық референдумды жоғары деңгейде ұйымдастырып, сайлаушылардың қатысуына барлық жағдай жасауды тапсырды.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы