25.02.2026, 10:45
Оқылды: 332

Елдік көзқарастың қалыптасуы маңызды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 11 ақпан күні «2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы» Жарлыққа қол қойды. Президент өткен жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтеріп, парламенттік реформаның мән-маңызының айрықша екендігін атап өтті. Қазіргі кезеңде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың бәрі еліміздің біртұтас институционалды жүйесінің ажырамас бөлігіне айналуда.  

Ендігі кезекте еліміз үщін маңызды бұл мәселе республикалық жалпыхалықтық референдум арқылы шешілмек. Референдум - бұл еліміздегі ең өзекті деген мәселелерді халық болып шешудің дұрыс жолы.  

Республикалық референдумға әзірлік және өткізу мәселелеріне қатысты сауалдармен Казталов ауданының аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Жанболат Темірғалиевке жолыққан болатынбыз. Ендеше, төрағамен болған сұхбат мәтінімен таныс болыңыздар!

Темиргалтев

- Референдум не үшін керек?

- Еліміздегі маңызды мәселелерді өзгертуге референдум ықпал ететіні сөзсіз. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары төрт референдум  өтті: 1995 жылы 29 сәуірде Президенттің өкілеттілігін ұзарту туралы мәселе бойынша, 1995 жыдғы 30 тамызда қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдау туралы, 2022 жылы 5 маусымда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, 2024 жылғы 6 қазанда Қазақтанда АЭС салу туралы. Өткізілген осы шаралар аясында Қазақстан Республикасының Конституциясына  бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, заңнамалар толықтырылып, кейбір нормативтік актілердің күші жойылды. Биылғы жылдың 15 наурыз күні еліміздің Конституциясының жаңа жобасын талқыға салатын республикалық референдум өткізіледі. Бұл мемлекеттік биліктің халық пікірімен санасуы деп білеміз. Республика азаматтарының және қоғамдық бiрлестiктерiнiң референдумға қойылған мәселе бойынша жиналыстарда, азаматтар жиынында, бұқаралық ақпарат құралдарында өз пiкiрiн бiлдiру құқығына кепiлдiк берiледi.

- Референдум өткізудің маңыздылығы туралы айтып өтсеңіз?

- Референдум бұл еліміз үшін маңызды қадам. Бұл - болашақ мәселелерді халықпен бірге шешудің жолы. Әрине,  бұл үлкен өзгерістің бастамасы деп білемін. Қазір өздеріңіз білесіздер, қандай да бір мемлекетте болып жатқан жағдай, ол халықтың назарында. Халық өз пікірін ашық айта алады. Бір жағынан байқасаңыздар, қазір кейбір мәселелерге Президентіміз де үн қосады. Халықтың, қоғамның сұранысына жоғары биліктен жауап бар, назар аудару бар. Қазір технологияның қарыштап дамыған заманында кейбір мәселелерді халық өзі талқылап, билікке назар аудартуға әлеуметтік желіні қолдануда. Өз кезегінде ондай талқылаулар да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Президентіміз Жаңа Қазақстан құруда референдумның маңызды қадам екенін әуелгі бастан айтып келеді.  Халық та билікке сенім артып, алға қарай нық қадам баса отырып, өзара сенім мен  байланыс орнату арқылы әлемдік көш-керуеннен қалыс қалмай, өркениеттік дамуға жетеміз деп сенемін.

- Аудан бойынша республикалық референдумға әзірлік барысы жөнінде айтып өтсеңіз?

- Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 2 қарашадағы «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының 20-бабы 1-тармағына сәйкес референдумға дайындық пен оны өткізуді тиісті сайлау комиссиясының функциясын орындаушы комиссиялар жүзеге асырады. Аудандық аумақтық референдум комиссиясының құрамы 7 мүшеден, 35 учаскелік референдум комиссиясының құрамы 209 мүшеден тұрады. Жалпы аудан бойынша референдумды әзірлеу мен өткізу барысында  36 комиссия бойынша 216 мүше қызмет атқарады. Аудан аумағындағы барлық референдум учаскелері орналасқан дауыс беру үй-жайлары науқанды өткізуге қажетті құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған. Референдум комиссияларының құрамдары, олардың орналасқан жері, жұмыс уақыты және дауыс беретін учаскелерінің шекаралары туралы хабарлама аудан әкімдігінің ресми сайтына орналастырылып, аудандық газеттің 2026 жылғы 17 ақпандағы №8 санында жарияланды. Сонымен қатар, таяу күндері заңнамалық актілер бойынша учаскелік референдум комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинарларын ұйымдастыру жоспарлануда. Жалпы, аудан бойынша референдум комиссиялары өз жұмыстарын тиісті заң аясында атқаруға толық дайын.

Бүгінде аудан аумағында дауыс беруге құқығы бар 16268 азамат тіркелген. Референдум мәселелеріне қатысты азаматтарға арналған жедел желі ұйымдастырылды, айланыс телефондары – 87114431679, 87471148968. Аудан тұрғындары тарапынан сұрақтар туындаған жағдайда, сағат 09:00-ден – 18:30-ға дейін хабарласуға болады.

- Референдум учаскелерінде мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беру құқықтарын қамтамасыз ету бағытында қандай жағдай қарастырылған?

- Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 39-бабының 1-1-тармағымен дауыс беруге арналған үй-жайды жабдықтау кезінде мүгедектігі бар азаматтар болып табылатын сайлаушылардың кедергісіз кіруі және онда дауыс беруі үшін жағдайлардың қамтамасыз етілуге тиістігі айқындалған. Ол үшін  сайлау учаскелері орналасқан ғимараттардың кіреберісі мен негізгі бөлмеде тұтқа, пандустар, төсеніштер, сондай-ақ, басқа да қажетті құрылғылар болуы керек. Қазіргі таңда ауданда 146 мүгедектігі бар азаматтар есепте тұр. Арбамен жүретіндер - 37 адам (19 учаскеде), көзі нашар көретіндер - 92 адам (зағиптар-50, нашар көретінде-42) (24 учаскеде), құлағы нашар еститіндер – 17 адам (12 учаскеде).

Бүгінгі күнге аудан бойынша 15 нысан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз кіруі үшін қолжетімді болса, 20 референдум учаскесі  ішінара жабдықталып, толықтай қамтылуын қамтамасыз ету бағытында тиісті шаралары алынуда.

-  Сұхбатыңызға рахмет!

 

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале