Іс сапар барысында өңір басшысы аудан орталығында орналасқан «The Nomad» фитнес орталығына ат басын бұрды.

Өткен жылы пайдалануға берілген бұл фитнес орталығы бүгінде тұрғындардың белсенді өмір салтын қалыптастыратын заманауи спорт кеңістігіне айналған. Сәулеті келіскен, жарыққа толы ғимарат барлық талапқа сай жабдықталған. Келушілерге арналған жайлы киіну бөлмелері мен жуыну орындары қарастырылған.

Спорт кешенінде екі зал тұрақты жұмыс істейді. Оның бірі соңғы үлгідегі кәсіби тренажерлармен жабдықталған кең жаттығу залы болса, екіншісі сұранысқа ие стретчинг залы. Мұнда икемділікті арттыруға, буындардың қозғалғыштығын дамытуға және бұлшықет серпімділігін жақсартуға бағытталған арнайы жаттығулар жүргізіледі.

Өңір басшысы нысанның материалдық-техникалық базасымен танысып, тұрғындар үшін жасалған жағдайға оң бағасын берді. Ол өз сөзінде бұқаралық спортты дамыту – ұлт денсаулығын нығайтудың маңызды бағыты екенін атап өтіп, мұндай заманауи орталықтар жастарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын орнықтыруға зор мүмкіндік беретінін жеткізді.
Бану Берікқали,
Жәнібек ауданы
