Аға буын бізге ерлік пен өрлікті, адалдықты, ар мен абыройды ұлы даласымен бірге мұраға қалдырып кетті. Соны ұрпақ санасына сіңіре білсек, отаншылдық тәрбиенің өріс ұзартар ұлағаты сол болмақ. Осыған бар өмірін сарп еткен, қиянатқа қылдай қадам баспай, ұялас-елдеске ылғида бүйрегі бұрып, жабырқауға жанары түскен, жадауға жүрегі иіген ол – бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері батысқазақстандық Сұлтан Шұғайұлы Алғазиев.

Азамат аға көзі тірісінде елге сіңірген еңбегі мен жақсылығын бұлдамаған екен, ендеше асыра мадаққа бармай, барын бар, жоғын жоқ деп баяндауға тырыстық. Сұлтан аға 1936 жылдың 7 ақпанында Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында дүниеге келген. Балдәурен балалық шағы заманның желі алағай-бұлағайын салып тұрған уақытқа тап келген оның да ерте есеюіне, жәудір көз күндері тырбынып іс қылуға мәжбүрлейді.
Шұғай әке, Кәмила ана – елге түскен қандай ауыртпалыққа да бел шеше кірісе жүріп, өз ортасынан бедел жиған белгілі жандар. Екеуі де қандықол фашизмнің сұрапылын бастан кешкен соғыстың қаhармандары.
Олар туралы шындық бөлек әңгіменің желісі. Сұлтан Шұғайұлының осындай елжанды әке-шешенің перзенттері бола тұра, жаман болуы мүмкін де емес еді. Орта мектепті бітірген соң 1953-1958 жылдары Алматы қаласындағы Зооветеринариялық институтына оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдап шықты. 1958 жылдан 1962 жылға дейін Казталов ауданының Бостандық ауылында зоотехник болып абыройлы еңбек етеді. Өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын, пысық та білгір жас маман жергілікті биліктің назарына ілікпей қалмайды. Кешікпей Казталов ауданының ауыл шаруашылығы бөліміне қызметке тұрады. Өз жұмысына білгір екендігі мұнда да анық дәлелденіп, 1963-1965 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жоғарылатылады.
Ал 1965-1972 жылдары Тереңкөл кеңшарының бас маманы, 1972-1980 жылдары Казталов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас зоотехнигі қызметтерін білгірлікпен алға жетелейді. Ұйымдастырушылық, адамдармен жұмыс жасау қабілеті, алғырлығы, алымдылығы, талапшылдығы ауданға әбден дәлелденген оны 1980 жылы партияның XXIV сиезі атанған кеңшарға директор етіп тағайындайды.

Сұлтан Шұғайұлы директорлық қызметіне мүлде жаңа көзқараспен келеді. Адамдарға жағдай туғызу арқылы еңбек өнімділігін арттыру, аздан да, көптен де үнемдеу, ысырапшылдыққа, немқұрайлылыққа жол бермеу, халықтың пікірімен санасу, қарапайым адамдармен тең дәрежеде қарым-қатынас жасау – оның өмірлік кредосына айналады. Нәтижесінде ол басқарған жылдары аталған кеңшар социалистік жарыстың жеңімпазы, бесжылдықтың жүлдегері атанып, аудан көшін бастап тұрғанын оны білетін көнекөздердің ұмыта қоймағаны анық.
Ол директор болып тұрғанында үйсіз жүрген отбасыларға жаңа пәтер кілттері табысталды. Отбасында он баласы бар Багисов Мерхайға берген уәдесін орындау үшін оны су жағасындағы ескі үйінен шығарып, мамандардың біріне деп салынған жаңа үйге өзі бас болып кіргізіп, маманға:
– Амалдай тұр, келесі кезек сенікі, мына азаматтың жағдайы бізге қарағанда қиындау екенін көріп тұрсың ғой, екеуміз үйсіз қалмайтынымыз анық, – деп жөнді уәжбен көндіреді. Құрманғазы ауданында тұратын, ауданның құрметті азаматы, белгілі терапевт дәрігер, ауруханадағы терапия бөлімінің меңгерушісі Сұлтанқызы Римма айтады: – Сол он балалы Мерхай ағайдың дәрігер қызы Атырауда мамандығы бойынша жұмыс істейді. «Сұлтан ағайдың рухы шат болғай. Ой, сол сыңғырлаған жаңа үйге кіргендегі біздің отбасының қалай қуанғаны әлі күнге есімде... Анам байғұс көзіне жас алып, «Бізді де елейтін басшы бар екен ғой, мына Сұлтанды құдай қуантсын!» – дегені есімде. Сол сурет көз алдымда мәңгі басылып қалды» деп әлі күнге дейін көңілі босайды...
Сұлтан Шұғайұлы директор болып тұрғанында ауыл өміріне кәдімгідей өң кірді. Қоймай жүріп, жоғарыға қайта-қайта мәселе қоюдың арқасында еңселі мәдениет үйі, т. б. жаңа нысандар бой көтеріп, ақ шаңқан үйлер қаз қатар сап түзеді. Оның кең кеуде-кемел басшылығын аса бір сағынышпен жабырқап еске алатындар шүкір, бар әлі де сол ауылда. Кеңшарда төрт түлік мал басы өсіп, сүт, ет, жүн өндіруден межелі тапсырмалар асыра орындалып, қоғамдық малға қажетті пішен дайындаушы бригада механизаторларының абырой мәртебесі аспандады. Бірөңкей шаруаны қуып, тек қана өз жұмысшыларым деген пікірден ада директор мектеп, балабақша есігін жиі ашып, оларға берілетін білім мен тәрбие барысына көз жеткізіп, қажетті көмек ұйымдастырудан тартынбады. Өзінен бастап барлық кеңшар мамандарын кітапханадан кітап алып оқуға міндеттеді, газет-журналдар өз алдына, үгітшілер мен насихатшы лар еңбегі озаттармен бірге дәріптелді.
Кеңшар директорының бұл өнегесі аудан атқамінерлеріне, өзіндей шаруашылық басшыларына үлгіге ұсынылып, сол кездегі ауданның бірінші басшысы Сабай Ниязов, екінші хатшы Балғаным Кәкімова, аудандық атқару комитетінің хатшысы Сатқан Даниялов, аудандық халықтық бақылау комитетінің хатшысы Ихсан Құтқожин, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Шыныбай Шарафудинов, директор Сұлтан Алғазиевті сенімді тірек, әріптес, дос санап, аралас-құраластықтан аласармай, сыйластықтарының әдебін жықпай, аудан көшін бірлесе алға жетелегендері жұртшылыққа мәлім.
Кеңшарда да Сұлтандай басшыны жауға да, дауға да бермейтін сенімді серіктері аз болмайды. Араларында балталаса да ажырамайтын сыйластық қалыптасса, ол әлі күнге айтылады. Олар кеңшар партия комитетінің хатшысы Абай Шәріпов, жұмысшылар комитетінің төрағасы Ораш Малаев, бас мал дәрігері Кәкім Бисенғалиев, бас зоотехник Аманкелді Мирғалиев, бас инженер Марат Наукешов, бас агроном Ғалимат Нұғыманов және басқа кеңшардың мамандары.
Ол кездегі билік өз кадрларын өте қажетті жеріне орналастырып, білімі мен біліктілігін, қызметтегі тәжірибесін жете пайдаланып отырғаны жасырын емес. Сұлтан Шұғайұлы да сондай талап тұрғысында таланына жазылған тағдырын бастап кешті. Облыс билігі оны 1985 жылы кеңшар экономикасы мен мәдениетін өрге бастырудағы еңбегі мен тәжірибесін ескере келе, Казталов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы етіп тағайындады. Осы қызметін он жыл атқарып, 1995 жылға дейін еңбек етті. Ерте тұрды, кеш жатты. Шаруашылықтарда мал басын асылдандыруға, бұрынғы одақ бойынша озық деп саналған жаңашылдық әдістерді кеңінен қолдануға көңіл бөлді. Аудан өңірінде жайлау біткен жер қайысқан малға толды. Казталовка ауданының ауыл шаруашылығы облыс көшін бастап тұрған жылдар еді ол. Жыл сайын дала қырандары – малшылар еселі еңбектерінің нәтижесін көріп, жағдайларын түзеді, кеуделеріне орден, медальдар таққандар шоғыры қалыңдады. Бұл табыстың басында сөзіне берік, уәдеге ұстамды, кішік бола жүріп ұлық болған, тәрбиешілік қасиеті жоғары Сұлтан Алғазиевтің тұрғаны аудан тарихының алтын парақтарына мәңгілікке хатталған.
Шаруа-шаруа деп шапқылап жүріп, сыр берген саулығына да жете көңіл бөлмеген азамат өзіне үмітпен қараған қайран жұртын еңіретіп, шиеттей бала-шағасын шулатып, 1995 жылы бұл пәни жалғаннан жүзін жасырды. Қимас көңілдерді көз жастың көлі тұндырғанымен, Сұлтан Шұғайұлы деген елжанды, нар қазақ солай, ат үстінен түспей жүріп, қапияда көз жұмды. Бала-шағасының қызығын көріп, құдаларының төрінде отырып, ел алқауында жүрсе ғой, шіркін! Ел жұртынан әлі күнге сейілмеген басты өкініш осы!
Әрбір мықты азаматтың артында тірегі де, жүрегі де болып, бір-бір лайықты әйелі тұрады дейді ғой, біздің қазекем. Сұлтан Алғазиев ағамызға 1958 жылы өмірлік серік болып, тірлігін ажарлаған, жан-жары ретінде жанында жалаудай желбіреген, есігін ашқан кімге де қабағын шымылдықтай түріп, төр нұсқаған, ұрпақ-балапандарының бойына имандылықтың нұрын сіңірген, төңірекке кісілігін үлестірген, ағайынға мейірімі мелдектеген ол – зайыбы Мәрияш Алиева болатын. Осы мігірсіз тірлікті атқара жүріп, кеңшарда, кейін кооперацияда мынау деген есепші болды. Үлкенінің алдын кесіп өтпеген, кішіге кекіреюді білмеген жайлы келін ибалылығы, ішкі-сыртқы мәдениетімен жұртына жақты.
Ерлі-зайыпты Сұлтан мен Мәрияштан тарағандар «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» ұлағат-өнегесіне сай болып, әрқайсысы өмірден өз теңдерін, өз орындарын тапты. Олардан тараған немере-жиендердің өзі құнарлы топыраққа түскен дәндей көктеп, ертеңдерінен зор дәме күттіреді. Бәрекелді, тектінің кетілмей жетілген тұяқтары дей отырып, ұрпақтарын тарқатып айтсақ, ол былай: үлкен ұлы 1959 жылы туған Ақылбек, Римма қызы – «Денсаулық саласының үздігі». Әділбек ұлы – қазақ күресінен ҚР спорт шебері, 1971 жылы туған Рита қызы заңгер болып қызмет істейді. Әулеттің кенже ұлдары Әлібек, Нұрбек өмірден ерте озды.
Сұлтан-Мәрияштан тамыр тартқан ұрпақтар туған елге табан тіреп, әр салада тер төгіп, әр бақшаның бір-бір гүліндей өз орталарына ажар мен көрік сыйласа, өткендер рухының мәңгі өлмейтіндігіне кепіл осы емес пе?!

Халқына қалтқысыз қызмет етіп, адалдықты жанына серік еткен Сұлтан Алғазиев 1963, 1973 жылдары Батыс Қазақстан облысының мақтау грамотасымен, 1973 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ал 1964, 1969, 1982 жылдары ауданның мақтау грамоталарымен марапатталған.
Өлмеген, ешуақытта өлмейтінім,
Ел-жұртын қиындықтан қорғап өткен,
Сол жолдан бақыт тауып, сорға бөккен.
Сұлтан десе, жігіттің сұлтаны екен,
Өзі жоқ, тоқсанына толған екен.
Халқым деп арын биік қойған адам,
Еш уақыт өз жағдайын ойламаған.
Жұртымен қара суды бөліп ішіп,
Ешқашан туған күнін тойламаған.
Алды күліп, бұзылмай түсі кейін,
Сақтаған қасиетін кішіпейіл,
Өкініш, бұл жалғаннан жастау кетсе,
Қайтейік, бұл Алланың ісі дейік.
Сүйкімсіз, қай жерде жоқ, қарға-ғұмыр,
Жайсаңым ортайтпаған арнаны бір.
Тәуелсіз тарихымда сіз де барсыз,
Жалғаннан қара үзгенмен жан-жағы нұр.
Әлі де құламалы құздың жары,
Бұл жақтың азаймай тұр құзғындары,
Адалдық өздеріңмен бірге кетіп,
Мұңаяр әлсіз жарық мыңның бағы.
Бар әлі алда талай аламандар,
Көш бастар ел бетіне қарағандар,
Бұйырса, туған халқын өгейсітпес,
Ақ сүт пен өздеріңнен тарағандар.
Бірі едің арзымаған аз арыстың,
Туғай-ды жұмағыңнан ағарып күн.
Аққудай биік самғар өзіңдейлер,
Сақтайды өнегеңді тәбәрік қып.
Қашанда жарық болғай көрдей түнің,
Тоқсанда шырақ жақтың сөнбейтұғын.
Тура би туған халқын сақтайды еске,
Өлгенмен, ешуақытта өлмейтінім!
Таңатар Дәрелұлы,
ақын, Қазақстан Журналистер,
Жазушылар одағының мүшесі,
Құрманғазы ауданының құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегері,
Атырау облысы