1.03.2026, 12:30
Оқылды: 14

Зияткерлік ойынның бас жүлдесі ақхалаттыларда

Осымен төртінші мәрте ұйымдастырылған әйелдер арасындағы «TezTap Quiz» интеллектуалдық ойыны биыл да жоғары деңгейде өтті. Дәстүрлі білім бәйгесіне ауданның түрлі саласында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер қатысып, өзара бақ сынасты.

IMG-20260226-WA0107

Атап айтқанда, аудан әкімдігі, аудандық аурухана, аудандық мәдени-демалыс орталығы, М.С. Бабажанов және М.Мәметова атындағы мектептердің ұстаздары, сондай-ақ аудандық және Мұратсай ауылдық кітапхана ұжымдары сайыс алаңынан табылды.

IMG-20260226-WA0106
Жарыстың ашылу салтанатында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Исатай Құрмашев сөз сөйлеп, зияткерлік ойындардың маңыздылығына тоқталды. Ол мұндай шаралар әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттырып, олардың жан-жақты дамуына серпін беретінін атап өтіп, алдағы уақытта да осындай бастамалар жалғасын табатынына сенім білдірді.

IMG-20260226-WA0104
Сайыс үш кезеңнен тұрды. Қатысушылар түрлі тақырыптарды қамтыған сұрақтарға жауап беріп, білім көкжиегінің кеңдігін, логикалық ойлау қабілетін және шапшаңдығын көрсетті. Танымы терең, жаңа ақпаратқа құштар жандар үшін ойын тартысты әрі қызықты өткені сөзсіз.
Үш кезеңнен құралған ойынның нәтижесінде дәрігерлерден құралған "Авиценна" тобы жеңімпаз атанып, зияткерлік ойынның басты нышаны – "Ақылды үкі" кубогын иеленді. Екінші орынды аудандық мәдени-демалыс орталығының "Мәдениет" командасы еншілесе, үшінші орын әкімдік атынан қатысқан "Кнопка басқыш" тобына бұйырды.

IMG-20260226-WA0109
Мұратсай ауылынан арнайы келген "Жұлдыздар" тобы, М.Мәметова мектебінің атынан шыққан "Ізденіс", М.С. Бабажанов атындағы мектептің "Ой ұшқыны" және аудандық кітапхананың "Күншуақ" командалары белсенді қатысқаны үшін алғысхаттармен марапатталды. Барлық қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтарға ие болды. Қатысушылар да осындай зияткерлік шаралар қоғамдағы әйелдердің белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың білімге, ізденіске деген құштарлығын шыңдай түсетіні сөзсіз деп ризашылықтарын жеткізді.

Нұрай Таубай

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале