Облыстық қоғамдық кеңестің отырысында облыстық төтенше жағдайлар және полиция департаменттерінің өкілдері есеп берді.

БҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Елдос Батталовтың есебіне сүйенсек, 2025 жылы 708 төтенше жағдай тіркелген оның салдарынан 31 адам зардап шекті. Облыс бойынша департаменттің 26 өрт сөндіру депосы 119 елді мекен бойынша қауіпсіздікті сақтауға қызмет етеді. Сонымен қатар 45 өрт сөндіру пункті бар. Барлық елді мекенді өртке қарсы қорғау қызметімен толық қамту үшін қосымша 51 өрт сөндіру пунктін құру қажет.
– Өңірде өртке қарсы қорғау инфрақұрылымын дамыту жұмысы жалғасуда. Теректі ауданының Ұзынкөл, Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылдарында өрт сөндіру пункттерінің құрылысы аяқталды. Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылындағы қолданыстағы өрт сөндіру пунктіне реновация жүргізілуде. Биыл Сырым ауданының Жымпиты ауылында жаңа өрт сөндіру депосының ғимараты пайдалануға берілді. 2027-2028 жылдары Подстепный, Переметный, Казталов және Сайқын ауылдарында өрт сөндіру деполарының құрылысы, Подстепный ауылында «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемелерін сақтау және қызмет көрсетуге арналған әмбебап ангар және жылдам жинақталатын құрамалардан өрт сөндіру депосын салу жоспарланған. Департамент 84,6% техникамен қамтамасыз етілген. Соның ішінде 313 бірліктің 265-і, олардың ішінде 30%-ы (91 бірлік) нормативтік пайдалану мерзімінен асып кеткен. 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен 19 бірлік өрт сөндіру техникасы алынды, – деді Елдос Батталов.
Жәнібекте мүлдем қар шығарылмаған «Казгидромет» мекемесінің болжамына сәйкес Деркөл, Шаған, Шежін-1, Шежін-2 және Быковка өзендері қауіпті деңгейге дейін көтеріледі деп күтілуде. Облыс бойынша қардың биіктігі 20-35 см, жердің тоңы орташа 28-ден 83 см-ге дейін. Ресейдің Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне жіберілетін суды өткізу бойынша күнделікті ақпарат алмасу жүргізілуде. Е. Батталовтың мәліметінше, Ирикла су қоймасынан секөнтіне 139 текше метр су келуде, қойма 79% толтырылған. Су қоймасынан Жайыққа 0,7-ден 1,3 км3 дейін су келеді деп күтілуде (меже 1,2 км3). Жалпы су тасқынына қарсы іс-шаралар бағдарламалық құжаттар (жол картасы, 2025-2027 ж.ж. кешенді жоспар және 2026 жылғы облыстық жоспар) аясында жүргізілуде.
Қоғамдық кеңес мүшелері баяндамашыға сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды. Нұрлан Сәдір былтырғы желтоқсан айындағы боранда екі адамның адасып кетіп, қайтыс болғанын айта келе, 112 құтқару қызметі телефоны ұстамайтын жерлер болса, оны Starlink спутниктік интернет жүйесіне қосу мүмкіндігін сұрады. «Сіздерге жүгінген кезде құтқару қызметінің жету уақытының стандарты бекітілген бе? Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жер талғамайтын арнайы көліктер бар ма?» – деген сауалдарын қойды. «Өткен жылы бір Starlink аппараты алынды. Қазір тексерілуде. Биыл екі сондай құрал алынады. Ұстамайтын жер жоқ. Тек электр қуаты сөніп қалмаса болғаны. Ұялы телефон ұстамайтын жерден 112-ге хабарласа алмайды. Хабарласуды мүмкін ету жағы құзыретімізге кірмейді. Мәселені көтереміз. Жер талғамайтын төрт көлігіміз бар. Құтқару қызметінің жету стандарты жоқ», – деп жауап берді Елдос Батталов. Қоғамдық кеңес мүшесі Фархад Жалмурзин 2023 жылы су тасқыны болғанын, сонда бәйтеректік кәсіпкерлерге жанар-жағармай берешегі қалыптасып, оның әлі күнге өтелмегенін айтты. «798 тонна жанар-жағармай дайын», – деп мәселенің шешілгенін жеткізді Е. Батталов. Қоғамдық кеңес мүшесі Манарбек Ғабдуллин көктемде қар суынан қауіп төнетін ауылдар бар-жоғын сұрады. «Жәнібек ауданында мүлдем қар шығарылмаған. Облыс прокуратурасында өткен жиында бұл мәселені көтердік. Бірақ бір апта ішінде ешқандай жұмыс атқарылмаған. 405 елді мекеннің 304-інде қар шығаруға қаражат қарастырылмаған», – деді төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары.
Қылмыстың жалпы ашылуы жақсарды
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ернар Сұлтанғалиевтің баяндауынша, департамент «Заң және тәртіп» қағидасын іске асыра отырып, бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізген. Өткен жыл қорытындысы бойынша қылмыстық құқықбұзушылықтың саны 4,3%-ға төмендеді. Қылмыстың жалпы ашылуы жақсарды. Республика бойынша қылмысты ашу көрсеткішімен БҚО 3-орында. Адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлау, қарақшылық, тонау, аутокөлік, ұялы телефон ұрлау секілді ауыр қылмысты ашуда 100% көрсеткішке ие болды. Алдын алу шаралары аса ауыр қылмыстардың – бөтеннің мүлкін ұрлау, оның ішінде қалта ұрлығы, ұялы телефон, тонау, қарақшылық, аутокөлікті айдап әкету және мал ұрлығының азаюына жол ашты. Өкінішке қарай, кейбір қылмыс түрлерінің өсімі орын алғаны жасырын емес. Олар: денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлау, алаяқтық, интернет алаяқтығы бұзақылық.
– Жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы бақылау күшейтілді, олардың көмегімен 24 мыңға жуық құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту аясында бейнебақылау камераларын көбейту жүзеге асырылуда. Желтоқсан айында бейне-аналитика, яғни адамның бет-жүзін танитын функциясы бар 300 камера облыс орталығында іске қосылды. Бөрлі, Бәйтерек және Сырым аудандарында жедел басқару орталықтары жұмыстарын бастады. Мас күйде жасалған қылмыстар 13,6%-ға көбейді.
Қылмыстар көбінесе үйде, пәтерде, жеке аулада, кафе және барларда, сауда орындарында, яғни «жабық есіктер» ар жағында, кез келген уақытта тексеруге полицияның алдын алу шараларын жүргізуіне қолжетімсіз жерде жасалған, – деді Ернар Темурұлы. 183 науқасқа мәжбүрлі түрде емдеу шарасы қолданылды. Айықтыру орындарына 10 мыңға жуық азамат орналастырылды. Алкогольдік ішімдіктерді ішкені үшін және қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін 8 мыңнан астам хаттама толтырылды. Алкоголь сату ережесін бұзудың 190 дерегі анықталды, 159 дүкеннің жұмысы тоқтатылды, төрт кәсіпкер лицензиясынан айырылды. «Мас күйде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында алкоголь өнімдерін өткізу дүкендерінің, алкомаркеттердің және көңіл көтеру орындарының жұмыс уақытын шектеу қажет», – деді баяндамашы.
Өңірде мал ұрлығы 11%-ға азайды. Үй жануарларының басым бөлігі еркін жайылымда емес. Бағымсыз жүрген мал иелеріне қатысты шаралар күшейтіліп, ӘҚБтК-нің 408-бабымен 4 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды. 125 арнайы мал қамайтын орындар ұйымдастырылып, жеті мыңнан астам мал қамалды. Елді ме-
кендерден шыққан мал тасымалдаушыларды тексеру мақсатында бес мобильдік бекет қойылды. Мал ұрлы-
ғына жол бермеу мақсатында жергілікті атқарушы құрылымдар мал иелерімен бірлесіп, GPS-трекер жүйесін және «Электронды бақташы» жүйесін қондыру жұмыстарын белсенді жалғастыру керек. Бұл жерде жеке тұлғалар да белсенділік танытуы тиіс.
Облыста нашақорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша 262 есірткі құқықбұзушылығы анықталды, оның 96-сы –
қылмыс. 269 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Департамент түнгі клубтар мен ойын-сауық орындарына 25 рейд ұйымдастырды. Интернет-алаяқтық қылмыстары 30,5%-ға өсті. Оған республиканың басқа өңірлерінде жасалған қылмыстардың «салқыны» тиді. Өткен жылғы 23 қылмыс ашылды. Ернар Сұлтанғалиев жол қауіпсіздігінің жай-күйі туралы да баян етті. Жол-көлік оқиғалары 5,4%-ға өскенімен, қаза тапқандар саны 21,3%-ға төмендеді. ЖКО көп жағдайда жүргізушілердің жол белгілерін және маневр жасау қағидаларын сақтамауынан болады. Алдын алу шаралары нәтижесінде 256 235 өрескел бұзушылықтың жолы кесілді. Жолдардың жай-күйіне 1 931 тексеріс жүргізіліп, ұйғарым берілді. 283 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды.
Полиция департаменті өкіліне сұрақ та, ұсыныс та көп болды. Қоғамдық кеңес мүшесі Шолпан Қоспаева Ақжайық ауданында қарбыз егетін шаруалардың өнім өткізетін орын таппай қиналатынын айтып, орталық базардан орын беру мәселесін шешуді сұрады. Қоғамдық кеңес отырысы күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті қарар қабылдады.
Жұмабек Жаппарқұлов, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:
– Екі-үш жыл бұрын Янайкин ауылында адам өлтіру дерегі бойынша ауыр қылмыс болды. Сол қылмыс ашылды ма? Бұрындары ашылмаған қылмыстарды ашу үшін арнайы бөлімдер жұмыс істейтін. Қазір олар бар ма? Мен білетін бірнеше ауыр қылмыс ашылмай қалды. Қазіргі жас мамандар қылмысты бейнебақылау камералары арқылы табуға тырысады. Болашақта зейнетке шыққан білікті мамандарды қылмысты ашуға тарту жағын қарастырса деген ұсынысымды айтамын.
Ернар Сұлтанғалиев, БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі:
– Янайкиндегі адам өлтіру дерегі бойынша қылмыс ашылған жоқ. Бақылауда тұр. Бізде криминалдық полиция басқармасында адам өлтіру дерегі бойынша бөлім жұмыстанады. Бес бөлімнің бірі сонымен айналысады. Жедел бақылау орталығында 700 бақылау камерасы тұр. Өткен жылы орнатылған 300 камера жасанды интеллектімен жұмыс істейді. Жалпы облыста 18 000 бейнебақылау камерасы бар. Олар қылмысты ашуға көп көмектеседі. Атырау мен Маңғыстау облыстарында жедел басқару орталықтарында 2000-ға жуық бейнекамера бар. Сондықтан 700 бақылау камерасымен шектелмей, одан әрі көбейтуге жұмыстанудамыз.
Манарбек Ғабдуллин, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:
– Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтарды қатыстыру туралы заң бар. Оған өзгерістер енгізілді. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде? Екінші сұрағым, қылмыстардың алдын алу мақсатында қандай жаңа тәсілдер бар? Өзекті мәселелердің бірі кәмелетке толмағандар арасындағы жасалған қылмыс та, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс та көбейген. Қазір мектеп инспекторлары қысқартылды. Тек кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторлар қызмет етеді. Осы жұмыстар қай бағытта жүргізілуде? Бұл мектептегі буллингке кері әсерін тигізіп отырған жоқ па? Оқу ағарту министрлігі оқушыларға мектепте телефон ұстауға тыйым салуға бастама көтерді. Оның жақсы нәтижесі болар. Мектеп инспекторлары лауазымдарын қайтару мәселесі қарастырыла ма?
Ернар Сұлтанғалиев, БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі:
– Бұрынғы бес заңның орнына «Құқықбұзушылық профилактикасы» туралы заң қабылданды. Онда қоғамдық көмекшілерді, белсенді азаматтарды қоғамдық тәртіпке тарту мәселелері қарастырылған. Облыста 600-ден астам қоғамдық көмекші бар. Бірақ оларды көтермелеу шараларына жергілікті атқарушы құрылымнан жылына 3 млн 900 мың теңге бөлінеді. Көтермелеудің басқа да түрлері қолданылады. Қылмыс ашуға үлесін қосқан азаматты марапаттауға және қаржылай көтермелеуге мүмкіншілік берілген. Заңға сәйкес азамат бұзақылық бойынша уақтылы, дер кезінде хабарласып, сол арқылы құқықбұзушылық анықталып, айыппұл салынды делік. Онда сол айыппұлдың пайызын хабарлаған азамат алуға құқылы. Бірақ ондай шешімді облыс әкімінің қаулысымен шығару керек. Мұндай шешім шығарылған жоқ. Оның жобасы дайындалуда.
Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша Ішкі істер министрлігінің нұсқаулығына сәйкес барлық мектепте жауапты қызметкерлер бекітіледі. Орал қаласы бойынша 76 білім ұясында департаменттің басқарма, бөлім басшылары, одан қалса, қалалық полиция басқармасы басшылары бекітілді. Сол аймақты қамтитын учаске инспекторлары қарайды. Одан басқа кәмелетке толмағандар учаскелік инспекторлары бекітілді. Мектептерде арнайы кесте жасақталып, журнал ашылған. Белгіленген уақыттарда жауапты қызметкерлер болады. Аудандарда да солай. Қылмыстың алдын алу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Облыстағы мектептерде 14 мыңға жуық бейнебақылау камерасы қойылған. Павлодар облысының тәжірибесін алып, соны енгізуге ниеттіміз. Келеңсіз жағдайлар әжетханаларда орын алады. Сол жерлерге датчик қою туралы жұмыстанудамыз. Интернет алаяқтарға тосқауыл қою бойынша айтсақ, алдымен азаматтардың сауаттылығын көтеруіміз керек. Көп ақша тапсам деген пиғылмен ұрынады көбісі. Оқушылар, студенттер арасында түсінік берілуде. Жаңа заң 85 баптан тұрады.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»