Облыс орталығында су тасқыны кезеңіне дайындық және қысқы маусымда тіршілікті қамтамасыз ету бағытында ауқымды әрі кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар өңір қауіпсіздігін нығайтуға, тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғауға бағытталған.

Қазіргі таңда қаланың көшелері мен жолдарын күтіп ұстау және санитарлық тазалау ісін «Жайық Таза Қала» ЖШС атқаруда. Қала аумағы солтүстік және оңтүстік бөліктерге бөлініп, жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Облыс әкімдігінің мәлімдеуінше, қала көшелерін тазалау және қар шығаруды мойнына алған кәсіпорынның қарамағында 200 коммуналдық және жол техникасы, 750 жұмысшы бар. Үздіксіз қызметті қамтамасыз ету үшін жанар-жағармай мен басқа да қажетті құрал-жабдық жеткілікті. Қысқы кезеңге 30 мың тонна құм-тұз қоспасы дайындалған.
Қар шығару жұмысы қарқынды жүргізілуде. Қар екі арнайы орынға төгілуде: алғашқысы – қала сыртындағы 8,5 шақырым жерде орналасқан Асан полигоны, екіншісі – облыс орталығынан 13 шақырым қашықтықтағы Зашаған кентіндегі Балауса шағынауданындағы полигон. Бүгінге дейін 728 150 текше метр қар шығарылды. Ақпан айының соңы мен наурыз айында арықтар мен каналдарды тазалау жұмыстары жалғасады.
Бүгінде қала аумағында 150 шақырымнан астам арық желісі бар. Еріген қар мен жауын суының жиналуын болдырмау үшін қосымша 3 шақырымнан астам арық салынды. Жол жиегіндегі суағарлар мен арықтарды тазалау жұмыстары тұрақты бақылауда.
Дайындық қарқынды
Су тасқыны қаупі бар учаскелерде жалпы ұзындығы 11 шақырымнан асатын 12 қорғаныс бөгеті күшейтілді. Бұл шаралар елді мекендер мен әлеуметтік әрі өндірістік нысандарды ықтимал қауіптен қорғауға бағытталған.
Су тасқынына қарсы ісқимылдарды жүзеге асыру үшін 400-ге жуық техника әзір тұр. Оның ішінде су сорғыштар, инженерлік және арнайы техникалар бар. Қосымша 100 техника тарту жөнінде жеке және заңды тұлғалармен келісім жасалған. Қала әкімдігінің теңгерімінде 15 қайық (6 моторлы, 9 резеңке), 30 мотопомпа (оның ішінде 1 тіркемелі) бар. Қазіргі уақытта 18 мың құм толтырылған қап дайындалған. Қосымша 7 мың қап бар. Тағы 15 мың қап сатып алу жоспарланған. Жалпы алғанда, қауіпті кезең басталғанша 40 мың құм салынған қап әзір болады.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда елді қауіпсіз жерге көшіру – басты міндеттің бірі. Қазір 16 эвакуациялық пункт әзір тұр. Олар 4 мың адамды қабылдай алады. Сонымен қатар үй жануарларын уақытша орналастыру, жем-шөппен қамту және азық жеткізу мәселелері бойынша тиісті меморандумдар жасалған. Су тасқыны кезінде жол қатынасынсыз қалатын елді мекендер жоқ.
Қала аумағында 140 саяжай бірлестігі бар. Қазіргі таңда саяжайларда 2259 адам тұрып жатыр, оның 619-ы – балалар. Ал жаз мезгілінде ондағы тұрғындар саны 20 629 адамға дейін жетеді.
Кешенді жоспар кезең-кезеңімен орындалуда
Облыстың 2025-2027 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары аясында қала бойынша 16 іс-шара қарастырылған. Оның 10-ы орындалды. Биыл Зашаған кентіндегі Орал-Саратов тас жолындағы су өткізу құбырларын ауыстыру, бірқатар көшелерде арық салу, Круглоозерный кенті мен Серебряков ауылында 1300 метр арық жүргізу, Деркөл ауылында су өткізу құбырларын орнату және әкімдікке 10 рация сатып алу жоспарланған.
Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстар су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізуге бағытталған. Тиісті қызметтер күшейтілген режімде жұмыс істеуге әзір. Ең бастысы, алдын алу шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып, өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздік басты назарда.
Мұз жару жұмысы күшейтілді
Қауіпсіздік шаралары бір сәтке де тоқтаған емес. Әсіресе облыс орталығын қоршай ағатын өзендердегі жағдай жіті бақылауда. Қауіпті аймақтарда мұз жару жұмыстары қарқын алды. Жуырда «Орал құю-механикалық зауыты» маңымен ағатын Деркөл өзенінде мұз жару жұмысы жүргізілді.
Өңір басшысы Нариман Төреғалиев биыл қар қалың түскенін, тоңның қалыңдығы 40-82 сантиметр аралығында екенін атап өтті. Оның айтуынша, қардың бір еріп, бір қатып тұруы қазіргі жағдайда тиімді. Деркөл, Шаған, Шежін өзендері бойындағы аудандарда алдын алу шаралары күшейтілген.
Сонымен қатар Жайық бойындағы қауіпті аймақтардың бірқатарында дамбалар салынған. Шаған, Өлеңті, Деркөл, Шежін, Жақсыбай, Қалдығайты өзендерінің арналары тазартылып, мұз кептелісі болуы ықтимал тұстар кеңейтілген. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады.
Өңір басшысы 2024 жылғы топан судың үлкен сабақ болғанын, сол кезде туындаған мәселелердің бүгінде толық шешімін тапқанын жеткізді.
– Алдын ала берілген мәлімет бойынша наурыздың 10-ынан кейін күн жылып, қар күрт ери бастайды деген болжам бар. Бірақ біз барлық жағдайға дайынбыз. Қардың бір еріп, бір қатып тұрғаны біз үшін қолайлы, – деді облыс әкімі.
Бәйтерек, Бөрлі, Сырым, Тасқала, Теректі аудандары мен Орал қаласында су басу қаупі жоғары. Қазіргі таңда 47 мың текше метр мұзды жару қажет.

– Дәлірек айтсақ, 83 мың ойық жаруымыз керек. Қазіргі таңда оның 22 мыңы жарылды. Бұл жұмыстарды атқарып жатқан мердігер компания Шығыс Қазақстан облысынан келген, тәжірибесі мол. Жұмыстар аудандарда да жүргізіледі. Биыл негізгі қауіп Деркөл және Шаған өзендерінен төніп тұр. Сонымен қатар Ресейден келетін судың да өзіндік қаупі бар. Қазір Ресейдің Орынбор облысы аумағындағы Ирикла су қоймасынан Жайыққа секундына 140 текше метр су жіберілуде. Көрші елмен тұрақты байланыстамыз. Қазіргі күні аталған су қоймасының деңгейі 73 пайызға дейін төмендеді. Бұл шамамен 1,2 миллиард текше метр су келеді деген сөз. Сырттан келген суды тиімді пайдалануымыз қажет, – деді Нариман Төреғалиұлы.
Сонымен қатар өңір басшысы Деркөл кентіндегі Сарыарқа шағынауданы мен Бірлік көшесі бойындағы су өткізу құбырларын тексерді. Қысқасы, өңірде көктемгі тасқынға дайындық жан-жақты жүргізілуде. Табиғат тосын мінез танытқанымен, жүйелі ұйымдастырылған жұмыс пен нақты жоспар қауіптің алдын алуға негіз болмақ.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»