5.03.2026, 12:45
Оқылды: 17

Кең даланы еңбек әуеніне бөлейтін күн таяу...

Облыс  әкімінің  орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің төрағалығымен көктемгі дала жұмыстарына дайындық  және суармалы жерлердің тиімділігін арттыру мәселесіне  арналған  кеңейтілген жиын өтті.  Жиынға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты  Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясының басшылығы, облыстық  салалық  басқармалар мен мекемелер жетекшілері, аудан әкімдерінің орынбасарлары, қаржы институттары, тыңайтқыш, пестицид, тұқым  және  суармалы техника жеткізуші компаниялар, сондай-ақ ауыл  шаруашылығы  тауарын  өндірушілер  қатысты.

f37ef362-f04b-47d3-bf2f-8bbc3e978d85

Жиынды ашқан Қалияр Шадиярұлы көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде бастап, сапалы аяқтау мол өнімнің басты кепілі екеніне тоқталды. «Шаруаларды тұқыммен, жанар-жағармаймен, тыңайтқышпен, техникамен және қаржылай қолдаумен толық әрі уақытылы қамтамасыз  ету – басты міндет. Бұл – тек маусымдық жұмыс емес, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін жауапты кезең», – деген облыс әкімінің орынбасары көктемгі егіс науқанын ұйымшылдықпен өткізу үшін мәселелерді бірлесе талқылауға шақырды.

Дәнді дақылдар алқабы кеңейіп келеді

Жиналыста ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің директоры Назгүл Хатепова агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі бағыттарына тоқталды. Егіс алқаптарын әртараптандыру аясында еліміздегі бидай алқабы шамамен 900 мың гектарға қысқартылды. Бұл ретте бұршақ дақылдарының алқабы 275 мың гектарға, майлы дақылдар алқабы 1 млн гектардан астамға ұлғайтылды. 2025 жылы 1,8 млн тонна минералды тыңайтқыш енгізілді, элиталық тұқымдардың үлесі 11,6%-ға жеткізілді. Ауыл шаруашылығы техникасының лизингі көлемі алғаш рет 250 млрд теңгеге жетті: 25 мың бірлік техника сатып алынды, машина-трактор паркінің жаңару деңгейі 6,5%-ға дейін өсті. Облыс әкімінің орынбасары министрліктің кешегі өткен алқа отырысында өңірлердің ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі есеге арттыру жөніндегі Жол картасы индикаторларын орындауына ерекше назар аударылғанын айтып өтті. Осы Жол картасы индикаторларын орындауда Батыс Қазақстан облысының көш бастағанын айтып, өңірдегі барша шаруаның еңбегі зор екенін жеткізді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин көктемгі егіс жұмыстарына дайындық деңгейі мен көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады.  Өңірде 2024-2028 жылдары ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемін екі есеге ұлғайту жөнінде арнайы жол картасы дайындалып, бекітілді. Осы жол картасында 2026 жылға өсімдік шаруашылығы бойынша нақты жоспарлар  қарастырылған.

Егіс құрылымын әртараптандыру арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 626 мың гектарды құрайды. Соның ішінде былтыр егілген күздік дәнді дақылдарды қоса алғанда барлық дәнді дақыл алаңы 293 мың га (күздіктер – 93 мың га, жаздықтар – 200 мың га) болады. Енгізілетін тыңайтқыштардың көлемін 60 900 тоннаға дейін арттыру, ауыл шаруашылығы техникаларының паркін 8%-ға жаңарту, егісте пайдаланылатын элиталық тұқымдардың үлесін 6,2%-ға дейін арттыру, суармалы жерлердің алқабын 12,1 мың гектарға дейін  ұлғайту  көзделген.

Қаржы бар, дизель отыны бөлінді, оператор анықталмады – Өңірімізге көктемгі дала жұмыстарын  қаржыландыруға 15,5 млрд теңге қаралды, соның ішінде өсімдік шаруашылығын субсидиялау бағдарламалары мен қызметтер көрсетуге жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінді. «Кең дала» және «Кең дала – 2» несиелеу бағдарламалары бойынша 12,9 млрд теңге бағытталуда. Субсидиялау бағдарламалары бойынша шаруалардың алдында берешек жоқ. Биылға өсімдік шаруашылығына қаралған қаражат есебінен агроқұрылымдарға 249 млн теңге субсидия төленсе, «Кең дала» және «Кең дала – 2» несие бағдарламалары арқылы («Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен олардың аудандардағы несие серіктестіктері, екінші деңгейлі банктер) 4 млрд теңгеге жуық несие берілді.  Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің  мәліметтеріне сәйкес жаздық егіске қажет тұқым толық дайындалды. Жаздық егіске қажет тұқым көлемі 30 мың тоннаны құрайды, – деді Жасұлан Жолдыбайұлы.

Өңірдегі көктемгі дала жұмыстарына қатысатын техника жөнделіп, жұмысқа дайындалуда. Науқанға 3755 трактор мен 2159 сепкіш жұмылдырылады. Шаруалармен ұсынған электронды өтінімдерге сәйкес биыл облысқа Атырау мұнай өңдеу зауытынан 10,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Алайда Энергетика министрлігі дизель отынына бекітілген баға бойынша нақты ақпарат ұсынбаған. Содан да дизель отынын жеткізуші оператор анықталмады.

– Суармалы егіншілік – өнімділікті арттырудың басты бағыттарының бірі. 2025 жылы облыста суармалы алқап көлемі 12 441 гектарға жетті. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 2,3 есе ұлғайған. Қазіргі кезде 11,7 мың гектарда су үнемдеу технологиялары қолданылады. Оның 10,2 мың га жаңбырлатып, 1,6 мың

га тамшылатып суарылады. Суармалы жобаларға 10 жылға 2,5% жеңілдетілген несие қарастырылған. Инвестициялық шығындардың 80%-ына дейін субсидия төленеді. Былтыр осы бағытта 2 млрд теңгеге жуық субсидия берілген. Алға қойылған мақсат – ауыл шаруашылығы жалпы өнімін арттыру. Ол үшін егіс көлемін ұлғайту ғана емес, технологиялық жаңару, су үнемдеу, сапалы тұқым, тыңайтқыш енгізу көлемін көбейту маңызды, – деді Жасұлан Халиуллин.

Ылғал қоры жеткілікті

Алқалы жиында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы директоры Марат Сәрсеев «Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мүмкіндіктерін таныстырды. «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС басшысының міндетін атқарушы Валентина Лиманская өз сөзінде  топырақтағы ылғал қоры мен биылғы маусымның ерекшеліктеріне тоқталды.  Оның айтуынша, көктемгі дала жұмыстары басталар кезеңде облыстың басым бөлігінде топырақтағы ылғал қоры 100-130 мм деңгейінде, яғни жеткілікті болады деп күтілуде. «Қазгидромет» мекемесі облыстық филиалының басшысы Тілеген Шапанов вегетациялық кезеңге

ауа райы болжамы туралы баяндады. Былтырғы жылмен  салыстырғанда  Бөкей ордасы, Казталов, Жәнібек, Тасқала, Бөрлі, Бәйтерек аудандарында және Оралда түскен жауын-шашынның  мөлшері өткен жылғы мәндерден 6-44% жоғары, Сырым ауданында былтырғы көрсеткіш шамасында екенін баяндады. Жаңақала, Ақжайық, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарында түскен жауын-шашын мөлшері өткен жылғыдан 7-38% төмен.

«Наурыз айының басында қар, жаяу бұрқасын күтіледі.

Жауын-шашын (жаңбыр, жылбысқы қар) бірінші онкүндіктің ортасында, екінші онкүндіктің басында жаууы мүмкін. Жаңбыр екінші онкүндіктің ортасында және үшінші онкүндіктің соңында болжанады. Наурыз бойы 15-20 м/с жел соғады деп болжануда. Тұман бірінші, екінші онкүндіктің басында және ортасында күтіледі. Көктайғақ бірінші онкүндіктің ортасында, екінші онкүндіктің басында күтіледі», – деді Т. Шапанов. Баяндамашы  агрометеорологиялық болжам фермерлерге қолжетімді болу үшін арнайы әзірленген «Агродата» веб-қосымшасында жарияланатынын жеткізді.

«Қазсушар» РМК облыстық филиалының басшысы Рауан Құсайынов су шаруашылығы нысандарын тұрақты техникалық жағдайда ұстау және су тасқыны кезеңін апатсыз өткізу бағытындағы шаруалар жайын сөз етті. Былтыр 20 су шаруашылығы нысаны жөндеуден өткізіліп, жалпы ұзындығы 163,7 шақырым болатын су арналары ішінара механикалық түрде тазартылды. Ал биылға 21 нысанды жөндеу және 150 шақырым арнаны тазарту жоспарланды.

Кеңес барысында қатысушылар суармалы жерлердің тиімділігін арттыру, су шығынын азайту, егіс алқаптарын әртараптандыру, жерді киіктен қорғау мәселелері  туралы сұрақтар қойып, тиісті  жауаптар  берілді.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале