15.02.2017, 0:03
Оқылды: 29

Әкімге 24 сұрақ қойылды

voprosy (1)Орал қаласы әкімі Нариман Төреғалиев халық алдында есеп беру жиынында сауал жәшігіне түскен және залдан қойылған 24 сұраққа жауап берді. Сондай-ақ call-center арқылы қабылданған 50-ден астам сұрақ та шешімін таппақ. Жиындағы басты сауалдарға тоқталсақ.

«Емханаларда соғыс ардагеріне кезектен тыс қызмет көрсетілсе, тыл ардагерлеріне жастармен қатар кезекте тұруға тура келеді. Ұлы Отан соғысындағы жеңіске тыл ардагерлері де зор үлес қосты» делінген ұсыныс жәшігіне келіп түскен сауалда. Мұны естіген облыс әкімі Алтай Көлгінов мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды:    

-Бұл мәселе назар аударуды қажет етеді. Емханада кезекте тұрған адамдар алдындағы тыл ардагерін көргенде қалайша орын бермейді?! Мейлі ол электронды кезек болсын, біз мәдени қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Тыл ардагерлері кем дегенде сексен жаста. Ардагерлерді кезексіз кіргізіңіздер. Бұған ешкім қарсы болмайды,-деді Алтай Сейдірұлы денсаулық сақтау басқармасы өкілдеріне.

Жәшікке түскен сұрақтардың қатарында Қонаев шағынауданында қоқыс дұрыс шығарылмайтынын айтқан тұрғынның арызы болды. Мәселені қала әкімі орынбасарларына тапсырды. Тағы бір тұрғын: «Қалада заманауи талаптарға сай концерт залы жоқ, салыну жоспарда бар ма?» деген сауалын жолдаған. «Қала жоспарында концерт залын салу бар. Әзірге қаржы қарастырудамыз» деп жауап берді қала әкімі.

voprosy«Депо көпірі күрделі жөндеуден өтпек. Көлік кептелісі туып, тұрғындарға қолайсыздық тумай ма?» деген сауал қойды қала тұрғыны. «Көпір – үлкен стратегиялық нысан. Жоба бойынша құрылысы 2 жылға созылады. Айналасындағы тұрғындар мен қоғамдық көліктерге барынша қолайлы болу жағын ойластырамыз» деді шаһар басшысы.

Ардагер Алексей Толкачев Ұлы Отан соғысы ардагерлері аз қалғанын, олардың барлығын елеп-ескеру жөн екенін айтты. Қария жаз мезгілінде Сырым Датұлы алаңында халық еркін демалу үшін көлік қозғалысын шектеуді ұсынды. Зейнеткер Нұрсұлу Мақсотқызы облыстық Ішкі істер департаменті ғимараты жанындағы құрылыс жеті жылдан бері тоқтап қалғанын, қазір қоқыс алаңына айналғанын айтып арызданды.

Ғалым Дәметкен Сүлейменова Алаш қозғалысының 100 жылдығында қаланың жаңа бөлігінде Алаш аллеясын ашу жөнінде ұсыныс айтты. «Және ол аллеяға Алаш арыстарының ескерткіштері қойылса.  Аллеяға Мұрат Мөңкеұлы көшесі бойынан 2 гектар жер берілді. Ол шағынаудандағы 40 мыңдай тұрғынға демалатын жақсы орын керек» деді ғалым. «Біздің өңірде Батыс Алашорда деген үкімет құрылды. Олар бүгінгі тәуелсіз еліміздің негізін қалап, елге қызмет етті. Биыл Алаш көшбасшысы болған Жаһанша Досмұхамедовтің туғанына 130 жыл және Батыс Алашорданың 12 мүшесінің мерейтойы екен. Тарихи жылда Күнбатыс Алашорда музейін ашуды ұсынамын»,- деді «Жаһанша Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының төрайымы Дәметкен Сүлейменова. Ғалымның екі ұсынысы да ескерілетін болды.

«Ет комбинаты» ауданында көшелерде жарық жоқ. Орталыққа келсең полиция өте көп, біздің ауданда аз. Сондай-ақ «Жөндеу зауыты» аумағында керемет саябақ ашылды, ал әжетханасы жоқ,-деді қала тұрғыны Ізімғали Шотанов. Нариман Төреғалиұлы қаладағы 538 көшенің 280-інде жарық жоқтығын, былтыр 600 көше жарығы орнатылғанын айтты. Тұрғынның ұсыныстары ескерілетінін жеткізді.
Сөз алған Ауған соғысының ардагері пәтер кезегінде тұрған ауғандықтарды тексеруді ұсынды. Қала тұрғыны Талғат Якубов жаңадан салынған көпқабатты үйлер газ, телефон, кәріз жүйелеріне тұрғындар орналасқаннан бұрын қосылса деген ұсынысын айтты. Тағы бір тұрғын қоқыс жәшіктері маңында қаңғыбас иттердің көбейгеніне шағымданды. «Бір итті жоюға 6 мың теңге бөлінеді. Жеке секторлардағы ит саны есепке алынуда. Көпқабатты үйлердің аулаларындағы қаңғыбас иттерді азайту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр» деді шаһар басшысы.

Қала тұрғыны Айнұр Шаймарданова жаңа шағынаудандағы Кітап ескерткішінің қасынан жаз мезгілінде ашық аспан астындағы кітапхана ашуды, енді бір тұрғын қаланың жаңа алаңына үлкен еліміздің көк байрағын орнатуды ұсынды. Жұмагүл Ғиззатова есімді тұрғын Жұлдыз шағынауданындағы атау берілмеген көшелерге ұлт қайраткерлерінің есімдері берілсе деген ойын жеткізді. Қала әкімі Зашаған, Деркөл, Жұлдыз шағынаудандарындағы жаңа көшелерге атау беру жөнінде облыстық ономастикалық комиссияға ұсыныс беруге кеңес берді.

Қала аумағына қарасты Круглоозерный ауылының тұрғыны Сәния Құспанғалиева 400 теңге қарызына бола өздері үйде жоқ кезде газды ажыратып, пломба қойып кеткенін айтып арызданды. «Ақпанның аязында болмашы қарыз үшін адамдарды тіршілік көзінен айыратын мекеменің басшысын көргім келеді» деді ашулы тұрғын. Ал «ҚазТрансГазАймақ» басшысы «Сізге дүкенде нанды тегін бере ме? Газ да солай, төлеуіңіз керек» деп тұрғынның өзіне дүрсе қоя берді. Қала әкімі әлгі басшыға газды айырмас бұрын ескерту беру керектігін, халықпен дұрыс жұмыс жасаулары қажеттігін айтып, келеңсіз жағдайдың анық-қанығына жетуді тапсырды.

Жиында жазғы мезгілде маса улау, жер кезегі, жол мен қалаішілік маршруттар мәселесі де көтерілді. Қала әкіміне «Қарапайымдылығыңыз жұмыс барысында пайдалы ма әлде керісінше ме?» деп тосын сауал қойған студент жұртты бір күлдірді. Саяжайының жемісінен қайнатқан тосабын қос әкімге ұсынған тұрғын да болды.

Жалпы кездесуде қойылған бірде бір сауал жауапсыз қалмады. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Алтай Көлгінов қала әкімінің жұмысына оң бағасын берді.

Нұрлыбек Рахманов,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале