№467 сайлау учаскесіне 90 жастағы қария Хатеп Ишанбекұлы келді. Ақсақал учаске қызметкерлерімен амандасып, бюллетенін алып, дауыс беру кабинетіне өтті. Референдумға дауысын беріп болған соң ол елдегі маңызды саяси науқаннан шет қалмауды өз өмірлік ұстанымы санайтынын айтты.

«Жасымыз тоқсанға келсе де, ел тағдырына қатысты істерден тыс қалуға болмайды. Дауыс беру – әр азаматтың парызы. Мен жас кезімнен бері сайлау мен референдумдардың бірде-бірінен қалған емеспін. Өйткені бүгінгі таңдауымыз – ертеңгі ұрпақтың болашағына әсер етеді», – деді қария.

Хатеп Ишанбекұлы жастарды да ел өміріндегі маңызды шешімдерге бейжай қарамай, белсенді болуға шақырды. Учаскелік комиссия мүшелері қарияның белсенді азаматтық ұстанымына алғыс білдіріп, оған арнайы естелік сыйлық табыстады.
zhaikpress.kz