Шаңырақ күніне орай Тасқала ауданының әкімі Талғат Шакиров Латиевтер әулетіне арнайы барып, ақжарма тілегін білдірді. Кездесуге Тасқала ауданы әкімінің орынбасары Али Бердешев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков қатысты.

Кездесу барысында аудан басшысы бұл отбасының бірлігі мен татулығы, ұлттық құндылықтарды ұлықтауы көпшілікке үлгі екенін атап өтіп, ақсақал мен ақ жаулықты әжеге зор денсаулық, әулеттеріне амандық тіледі.
Латиевтер отбасы – берекесі мен бірлігі жарасқан, көпке үлгі болар әулеттердің бірі. Отбасының үлкені, 81 жастағы Ерболат Латиев ақсақал мен жары 79 жастағы Бақытжамал Мұратова әже – өмірдің талай белесін бірге еңсеріп, ұрпақ тәрбиесіне айрықша көңіл бөліп отырған қадірлі жандар.
Ерболат аға мен Бақытжамал апа Бөкей ордасы ауданына қарасты Мұратсай ауылынан Тасқала жеріне осыдан 25 жыл бұрын қоныс аударған. Содан бері бұл шаңырақта еңбек пен береке, сыйластық пен татулықтың туы биік көтеріліп келеді.
Бүгінде бұл отбасының ырысын арттырып отырған – 4 қыз, 1 ұлдан тараған немере-жиендері. Үлкен әулеттің алтын қазығына айналған ата мен әже қазіргі таңда ұлдары Серіктің отбасымен бірге тұрып, ұрпақтарының қызығына бөленіп отыр.
Қариялардың өзі де қоғамдық өмірден шет қалмай, ел ішінде белсенділігімен танылып келеді. Ерболат аға аудандық Ардагерлер алқасының белсенді мүшесі ретінде қоғам өміріне араласып, кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтып келеді. Ал Бақытжамал апай «Ақтілеу» әжелер ансамблінің мүшесі болып, ұлттық дәстүр мен өнерді дәріптеуге үлес қосуда.

Әулеттің ұлы Серік Орал қаласындағы «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ-да инженер болып еңбек етсе, келіні Тасқала колледжінде қызмет етіп, жас ұрпақтың білімді болып қалыптасуына өз үлесін қосып жүр.
Шынында да, Латиевтер отбасы – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ұрпақ тәрбиесін басты құндылық санап отырған өнегелі әулет. Осындай берекелі шаңырақтар көп болған сайын қоғамымыздың да іргесі берік бола түсері анық.
Д.Зейнел
Тасқала ауданы