Батыс Қазақстан облысындағы спорт-мектеп-интернат-колледжінде «Заң және тәртіп – қауіпсіз Қазақстан» тақырыбында мазмұнды жиын өтті. Бұл басқосу Қазақстан Республикасы Президенті бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Заң және тәртіп» идеологемасын ілгерілету аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – қоғамда заң үстемдігін нығайтып, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заң талаптарына деген құрметті арттыру. Жиын барысында жас спортшыларға тәртіпті сақтау, жеке жауапкершілік пен заң алдындағы міндет екені кеңінен түсіндірілді.
Кездесу барысында мекеме директоры Асхат Шакиров сөз сөйлеп, «Заң және тәртіп» қағидатының қоғам өміріндегі маңызын атап өтті. Оның айтуынша, заңға құрмет әр азаматтың басты парызы, ал спорт саласының өкілдері жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыруда ерекше рөл атқарады.
Сонымен қатар, жиынға Орал қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Айнұр Амангелді қатысты. Ол құқықтық тәртіптің қоғам тұрақтылығы үшін маңыздылығына тоқталды. Прокурор заң нормаларын сақтау, балалар құқығын қорғау және құқықтық сауаттылықты арттыру қауіпсіз қоғам қалыптастырудың негізгі кепілі екенін жеткізді. Сондай-ақ, күнделікті өмірде жиі кездесетін құқықтық мәселелерді атап өтіп, олардың алдын алу жолдарын түсіндірді.
Жиынға арнайы қатысқан самбодан төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров та жастарға ой салып, заң бұзудың салдары ауыр болатынын ескертті. Ол спортшының тәртіп пен жауапкершілікке негізделген өмір салты өзгелерге үлгі болуы керектігін атап өтті.

Кездесу барысында қатысушылар өзекті сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауап алды. Ашық пікір алмасу алаңына айналған жиын заң талаптарын сақтаудың маңызын
терең түсінуге мүмкіндік беріп, құқықтық мәдениетті нығайтуға серпін берді.
Сымбат Талғатқызы,
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы