20.03.2026, 17:00
Оқылды: 9

Тамсандырған «Тәтті-fest»

Жуырда Орал қаласындағы көрме залында дәстүрге айналған «Тәтті-fest» көрме-жәрмеңкесі өтті.  Іс-шараны облыстық Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырды.  Үшінші рет өтіп жатқан бұл фестиваль жыл санап қатысушылар мен келушілердің  қызығушылығын  арттыруда.  Көрменің салтанатты ашылуына қала әкімі Мұрат Байменов және облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз қатысып, іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, сондай-ақ ұсынылған өнімдердің алуан түрлілігін атап  өтті.

DSC06093

Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова өз сөзінде бұл іс-шараның өңір экономикасы үшін маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, қатысушыларды іріктеу биыл бұрынғыдан да қатаң жүргізіліп, тек дәміне емес, өнімнің сапасына, безендірілуіне, қаптамасына және табиғи, экологиялық таза шикізат қолданылуына  мән берілген.

– Биылғы көрменің ерекшелігі – өнім сапасына бөлінген ерекше көңіл. Осының арқасында бір алаңға өңірдің ең үздік кондитерлері жиналып, шеберліктерін паш етуде. Көрме қатысушылары үшін ең бастысы – сатылым, ал бұл алаң оларға сапалы өнімнің ғана сұранысқа ие болатынын түсінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қазіргі әйел кәсіпкерлердің батылдығы мен бастамашылдығын ерекше атап өту керек. Егер бұрын көптеген қатысушы үйде ғана кәсіп жүргізетін болса, қазір олар толыққанды цехтар ашып, өндірісті кеңейтіп, өз кәсіптерін дамытуда. Әсіресе, агробизнес саласында бұл көрініс айқын байқалады. Әйел кәсіпкерлер дән егіп, оны өңдеп, одан тәтті өнімдер жасап жүр. Мұнда бір-бірімен коллаборация жасалып, бірінің ұнын екіншісі пайдаланады. Осылайша кәсіби шеберлік пен нарықтағы бәсекелестік  дамиды, – деді ол.

Ляна Тұрсынова атап өткендей, мұндай кәсіби, салалық шаралар қатысушылардың шеберлігін шыңдап, сапаны  арттыруға  ықпал етеді.

– Бұл жолғы көрмеге 35 жергілікті кондитер қатысып отыр. Олардың ішінде кәсіпті енді бастап жатқан жас қыз-келіншектер де бар. Көрмені кәсіпкер әйелдер бір-бірінің өнімдерін көрсін, тәжірибе алмассын, кәсіби деңгейін арттырсын, өссін деген мақсатта ұйымдастырдық. Шыңғырлау, Ақжайық, Сырым, Теректі аудандарынан келген қатысушылар да бар. Біздің өңірде осындай өнімдерді көрсетуге, сатуға арналған алаңдар аздау болғандықтан жәрмеңке ұйымдастырдық. Қатысушылар бүгінгі іс-шараға әсем безендірілген танымал бенто-торттар, карамельден жасалған мүсіндер, қолөнер кәмпиттері, пайдалы зефирлер және әртүрлі пішін мен дәмдегі шоколадтарын әкелген.

DSC06134
Өзім де тәтті жасаумен алты жылдан бері айналысып келемін. Бастапқыда үйде ғана жасап, тапсырыс қабылдайтынбыз, ал қазір кәсібімізді кеңейтіп отырмыз. Мұндай іс-шаралар бізге бір-бірімізді көруге, кәсіби шеберлікті шыңдауға, өз өніміміздің сапасын тексеруге мүмкіндік береді. Көрмелер – тек сатылым емес, тәжірибе алмасу, дамудың керемет алаңы, – дейді көрме-жәрмеңкені ұйымдастырушылардың бірі, «Тәттіме» жеке кәсібінің иесі Шолпан Құспаева.

Келушілер әр үстелдің маңына тоқтап, өнімнің сапасын тамашалап, таңдау жасап жүр.

– Табиғи ашытқымен нан пісірумен айналысып жүргеніме бір жылдай болды. Күнделікті жеп жүрген нанымыздың құрамын зерттей келе осындай шешімге келдім. Кішігірім наубайханамызда екі түрлі нан дайындаймыз. Бұл нанның пайдасы өте көп, әсіресе, асқазанына, микрофлорасына көңіл бөлетіндерге, жүрек-қан тамырларының ауруына шалдыққандарға өте қолайлы. Өйткені қорытылуы жеңіл, құрамында сүт қышқылы бактериялары бар болғандықтан, асқазанда ауырлық сезімін тудырмайды. Дүкен сөрелеріне нанды балғын күйінде жеткізу үшін біз оны бір тәулік бұрын пісіріп бастаймыз. Нандарымыз таңғы сағат 5-тен бастап піседі де, қала бойынша 16 нүктеге ыстық, жаңа піскен күйінде жеткізіледі. Әдеттегі наннан қымбат болу себебі – ұзақ дайындалады, әрі бұл толығымен қолөнер наны. Тек ашытқысының дайындалуына сегіз сағат уақыт кетеді, – дейді «Көркем нан» жеке кәсібінің иесі Айкөркем Сайлау.

Жәрмеңкеге қала тұрғыны – сексен жастағы Меруерт әжеміз де келген.

– Көрісу күніне орай осындай тамаша іс-шара өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Қандай керемет! Әр үстелде сан түрлі торт, неше түрлі тәттілер, кәмпиттер… Таңдай қағып қарап жүрмін. Мұндай көрмелер жастарға ұлттық дәстүрді сезіндіру үшін де керек, – дейді кейуана жылылықпен.

Биылғы «хит» тәттілер – артдесерттер келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Шеберлік пен заманауи кондитерлік өнердің үйлесімділігін көрсеткен бұл тәттілерді Данагүл Сабырғалиева  жасайды.

– Мен осы кондитерлік салаға 2017 жылы аяқ бастым. Бәрі бала күтімімен демалыста отырған кезден басталды. Алдымен торт жасап, сатумен айналыстым. Қазір сұранысқа ие арт-десерттерді дайындаймын. Бұл тәттілерді жасау технологиясын 2025 жылы Астана қаласында үйреніп, тәжірибе жинадым. Қай температурада, қандай құрамда, қандай формада жасау керегін дәл білдім. Бір рет машықтанып алсаң, әрі қарай қиын емес. Бұл тәттілерді шоколадпен қаптамай тұрған күйінде мұздатқышта екі айдай сақтауға болады. Сұраныс өте жоғары. Мысалы, Халықаралық әйелдер мерекесіне да йындап үлгере алмай, сіңлілерімді көмекке шақырдым. Қазір де кофеханалар хабарласып, тапсырыс беріп жатыр. Барлығын үйден жасап, үйден жеткіземін. Бүгінгі көрмеге осындай ерекше тәттілерді әкелейін деп шештім, – дейді Дана Серікқызы.

DSC06153

«Тәтті-fest» көрмежәрмеңкесі өз алдына нағыз шығармашылық алаңға айнлып, өңір кондитерлерінің шеберлігі мен идеяларының байлығын паш етті. Келушілер үшін бұл тек дәмді өнімдерден ләззат алу ғана емес, сонымен қатар тәтті өнердің заманауи бағыттары мен ұлттық дәстүрдің үйлесімін тамашалайтын таптырмас мүмкіндік  болды.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале