БАҚ-та таралып жатқан ақпараттар бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы төмендегіні хабарлайды.

Фото: iStock
Аталған заң бұзушылық фактілері мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасына жүргізілген ішкі мониторинг пен бақылау аясында тікелей мемлекеттік корпорацияның өзімен анықталды. Анықталған барлық материалдар бірлесіп зерделеу үшін және тиісті процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.
«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне нөлдік төзімділік қағидатын ұстанады. Мәселен, тек 2025 жылдың өзінде қызметкерлеріміз 100-ден астам материалды өздері анықтап, құқық қорғау органдарына жолдады. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесу бағытындағы жүйелі әрі проактивті жұмыстың нақты көрінісі.
Сонымен қатар, «Азаматтарға арналған үкіметте» жүргізуші куәліктерін заңсыз берудің алдын алу және көлік құралдарын басқару құқығына емтихан қабылдау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған жүйелі шаралар кешені іске асырылуда. Негізгі басымдық цифрландыруға, рәсімдердің ашықтығына және адами факторды болдырмауға берілген.
Қабылданып жатқан шаралар шеңберінде:
- ХҚКО 2.0 интеграцияланған ақпараттық жүйесін мәліметтерді тек электронды форматта қабылдайтын «Автомектеп» автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен интеграциялау нәтижесінде автомектепті аяқтау туралы жалған куәліктер ұсыну мүмкіндігі жойылды;
- ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграция нәтижесінде 073/у нысанындағы жалған медициналық анықтамалардың түпнұсқалығын автоматты тексеру арқылы жалған медициналық анықтамаларды пайдалану мүмкіндігі жойылды;
- емтихан сыныптары металл іздегіштермен, радиотолқындарды басу құрылғыларымен және тыйым салынған заттарды анықтау датчиктерімен жабдықталған;
- емтихан сыныптарындағы компьютерлерге деректердің таралуын болдырмау үшін қашықтан қол жеткізуді бұғаттайтын жүйе (DLP) орнатылған;
- жүйе әкімшілері тарапынан емтиханға араласудың алдын алу мақсатында артықшылықты пайдаланушылардың әрекеттерін бақылау жүйесі (PAM) енгізілді;
- алғашқы жүргізуші куәліктерін алу үшін «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы онлайн жазылуды енгізу арқылы кезек бойынша жасалатын манипуляциялар жойылды;
- қоғамдық бақылау тетігі енгізілді – мамандандырылған ХҚКО-лардың күту залдарында және ресми YouTube-арнада теориялық емтихандарды нақты уақыт режимінде трансляциялау;
- «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы мамандандырылған ХҚКО-ға бармай-ақ, міндетті биометриялық сәйкестендіруден өтіп, алғашқы жүргізуші куәлігін алуға өтініш беру мүмкіндігі іске асырылды.