Кеше спорт кешенінде Ұлттық спорт күніне және Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай Казталов аудандық мекеме-кәсіпорындар мен бөлімдер арасында «Береке мен бірліктің мерекесі – Әз-Наурыз» атты фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.

Аталған шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрді насихаттау, сондай-ақ ұжымдар арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайту болды. Фестивальге аудан көлеміндегі түрлі мекеме қызметкерлерінен құралған командалар қатысып, өзара бақ сынасты.

Шара барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша өнер көрсетті. «Наурыз берекесі» кезеңінде ұлттық тағамдар ұсынылып, олардың дайындалу ерекшеліктері таныстырылды. «Ұлттық ұғымдар» бөлімінде қатысушылар салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін көрсетті. Ал «Ұлттық өнер» кезеңінде ән, би, жыр-термелер орындалып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, «Наурыз дода» бөлімінде асық ату, арқан тарту, ләңгі тебу, қол күресі сынды ұлттық спорт түрлері бойынша тартысты жарыстар өтті.
Фестивальдің ашылу салтанатында аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Нұрсұлтан Каримоллаұлы құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, еңбек ардагері Мұқанғали Бектілеуов ақ батасын беріп, шараның маңыздылығына тоқталды.

Қазылар алқасының әділ шешімімен фестиваль қорытындысы бойынша:
ІІІ орын – Казталов мектеп-лицейі командасына,
ІІ орын – «Алаш жастары» (ішкі саясат бөлімі мен Казталов жастары) командасына,
І орын – Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебі командасына бұйырды.
Аталған фестиваль аудан тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ұлттық рухты жаңғыртқан, береке мен бірлікті дәріптеген тағылымы мол шара ретінде есте қалды.
Ернәсіл Рысқалиев
Казталов ауданы