27.03.2026, 11:00
Оқылды: 17

Мемлекеттік қызмет жастарға жаңа мүмкіндіктер береді

Қазақстан үшін мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және тиімділігін арттыру мәселесі стратегиялық маңызға ие. Осы бағытта жас, білімді және бәсекеге қабілетті кадрларды мемлекеттік қызметке тарту – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі болуда. Жастар – қоғамның ең белсенді, білімге құштар және жаңашыл бөлігі.

WhatsApp Image 2026-03-27 at 11.39.48

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік қызмет халыққа адал қызмет ететін, кәсіби әрі ашық жүйе болуы тиіс. Осыған байланысты ол жастардың әлеуетін тиімді пайдалану қажет екенін бірнеше рет атап өтті.

Жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартудың маңызды құралдарының бірі – Президенттік жастар кадр резерві. Бұл бастама алғаш рет 2019 жылы жүзеге асырылды. Бағдарламаның мақсаты – еліміздегі дарынды жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрып, осы кезеңдерден өткен жастар орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда жауапты лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігіне ие болады. Қазіргі таңда, іріктелген резервшілердің жалпы санының 75,7% мемлекеттік қызметке қабылданды.

Соңғы жылдары мемлекеттік қызмет жүйесінде тағы бір маңызды жаңашылдық енгізіліп, Өңірлік кадр резерві алғаш рет қалыптасты. Бұл бастама өңірлердегі талантты жастарды анықтап, оларды жергілікті атқарушы органдарда жұмысқа тартуға бағытталды.

Өңірлік кадр резервінің басты ерекшелігі – аймақтардағы білікті кадрларды өз өңірінде ұстап қалу және жергілікті басқарудың сапасын арттыру. Резервке алынған жастар аудан, қала және облыс әкімдіктерінде жауапты қызметтер атқаруға мүмкіндік алады.

Батыс Қазақстан облысы кадр резервіне 30 азамат іріктелді. Жоба жүзеге асырылғанан бастап 22 резервші әкімшілік мемлекеттік лауазымға тағайындалды, бұл резервшілердің жалпы санынан 73%. Резерв аясында 18 резервші  ілгерілетіліп, соның ішінде 12 резервші басшылық лауазымдарға  тағайындалды.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметті жаңғырту аясында жоғары оқу орындарының түлектерін мемлекеттік қызметке тарту да маңызды бағыттардың бірі.

Мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою мақсатында   2022 жылы желтоқсан айында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына өзгерістер қарастырылып, мемлекеттік грантпен оқыған түлектер мемлекеттік органдарға конкурссыз қабылдану мүмкіндігіне ие болды.

Осылайша, конкурссыз тікелей тағайындау үшін оқу  нәтижелері белгіленді. Тиісті оқу нәтижесі 3,33 GPA, яғни дәстүрлі жүйе  бойынша «жақсы» деген көрсеткіш, немесе 100-баллдық жүйе бойынша 85-89 деңгейінде бекітілді.

Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін, аудан мен ауылдағы төменгі лауазымдарға 82 түлек қабылданды.

Енгізілген норма білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізеді.

Мемлекеттік қызметке талантты жастарды тарту – елдің тұрақты дамуы мен тиімді мемлекеттік басқарудың маңызды шарты. Аталған бастамалар арқылы мемлекеттік қызметке жаңа буын кәсіби мамандар келіп, елімізідің дамуына өз үлесін қосатыны сөзсіз.

 

 

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Батыс Қазақстан облысы бойынша

 департаменті

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале