Батыс Қазақстан облысы аумағында 1,6 гектарды шарпыған 7 дала өрті болды, - деп жазады kaz.inform.kz.

Фото: Сайт архивінен
Орал қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Нұрсұлтан Серіковтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығына сәйкес мемлекеттік орман қорының жерлерінде өрттің қауіпті маусымы 6 сәуірден басталады. Соған қарамастан, даланы қазірдің өзінде жалын шарпу деректері тіркелді.
Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы өрт қаупі кезеңінде 22 табиғи өрт болды, бұл 2024 жылғыдан (19) 13,6 пайызға көп. Соның ішінде 15 орман (2024 жылы – 4, 3,7 есе), 6 дала (14, 2,3 есеге кем), 1 егістік (1) өрті, далада 121 (129, 3,9 пайызға аз) жану оқиғасы болды.
- Өрттің жалпы ауданы 6 235 га (2024 жылы – 7 690,5 га, 23,8 пайызға аз) болса, оны сөндіру кезінде жарақат алғандар (2024 жылы – 1 адам) тіркелген жоқ. Алайда өрттен келтірілген шығын көлемі 2 млн 968,5 мың теңгеге жетіп, 2024 жылғыдан (617,3 мың теңге) 4,8 есеге асып түсті, - деді Н.Серіков.
Оның айтуынша, БҚО ТЖД жасағында 186 техника (негізгі – 92, арнайы – 13, қосымша – 86) және жеке құрамды өрт орнына жедел жеткізу үшін 9 техника (автобус – 2, вахталық көлік – 7) бар. Өрт сөндіруге тартылған күштермен радиобайланыс орнату үшін командалық-штабтық машина пайдаланылады, ол барлық ірі табиғи өрттерге тартылатын болады.
- Облыс бойынша жергілікті атқарушы органдар құрған 46 өрт сөндіру бекеті бар, олардың 12-сі жыл бойы жұмыс істейді, ал қалған 34-і маусымдық түрде — мамырдан қарашаға дейін қызмет етеді. Бұл бекеттер 207 елді мекенді және олардың айналасындағы 20 км радиустағы далалық аумақтарды өрттен қорғауды қамтамасыз етеді. Табиғи өрттер мен жанудың алдын алу және сөндіру үшін бүгінгі күні елді мекендерде 2 033 адамнан тұратын 446 ерікті өртке қарсы құралым құрылды. Бұларда 248 техника (су таситын көліктер, тракторлар және басқа да бейімделген техника), орманға арналған 1 127 арқалық бүріккіш, 167 мотопомпа және 1 373 басқа да бастапқы өрт сөндіру құралдары бар, - деп қосты басқарма бастығы.