
Бөрлі колледжінде бір топ бастамашыл оқытушылардың ұйымдастыруымен арт-терапия сағаты өтті. Ерекше форматтағы бұл шара педагогтерге шығармашылық арқылы демалып, ішкі жан дүниесін жаңғыртуға мүмкіндік берді. Шығармашылық сағат барысында қатысушылар өздерін мүлде жаңа қырынан танытты. Бірі қылқалам шебері болса, енді бірі мүсінші ретінде танылды. Акварельмен сурет салу, ермексазбен жұмыс істеу, аэрография сынды түрлі техникада жасалған жұмыстар әр қатысушының ішкі әлемін айқын көрсетті.
Бөрлі колледжінің әдіскері Нұргүл Сатимова: «Арт-терапия барысында педагогтер күнделікті күйбең тірліктен бір сәтке алыстап, өз ойы мен сезімін еркін жеткізе алды. Бұл – тек шығармашылық қана емес, сонымен қатар эмоционалдық жүктемені жеңілдетудің тиімді тәсілі», - деді.
Мұндай бастамалар ұстаздардың кәсіби күйіп кетуінің алдын алып, ұжымдағы жағымды ахуалды қалыптастыруға ықпал етеді. Ең бастысы – педагогке шабыт сыйлап, өз ісіне деген сүйіспеншілікті арттырады. Бөрлі колледжіндегі бұл игі шара – шығармашылық пен рухани жаңғырудың жарқын үлгісі.
Айжарық Нұр,
штаттан тыс тілші