8.04.2026, 15:15
Оқылды: 16

Батыс Қазақстан облысында «Құқығыңды біл, қоғамның белсенді мүшесі бол!» жобасы жүзеге асты

59e1ebb7-5188-4716-b12d-5056556881e0

Облыста 2025 жылғы шілде мен биылғы наурыз аралығында «Құқығыңды біл, қоғамның белсенді мүшесі бол!» атты жоба жүзеге асты. Ауқымды жобанының ауторы – облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, қоғам белсендісі, заңгер Бауыржан Заки. Ол өңірде азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік сатып алуларға қоғамдық бақылауды дамыту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

b4b00b34-9554-454e-ac25-c2914c33e6e8

Жобаның негізгі мақсаты – ауыл мен аудан орталықтарының тұрғындарын қоғамдық бақылау жасауға үйрету және азаматтардың мемлекет ісіне қатысу белсенділігін арттыру. Жоба аясында Жаңақала, Казталов, Жымпиты, Теректі, Переметный, Чапаев елді мекендерінде, сондай-ақ Ақсай қаласы мен Орал шаһарында «Мемлекеттік сатып алуға – қоғамдық бақылау» тақырыбында арнайы тренингтер өтті. Іс-шараға қатысқан 119 адамның 66-сы әйел (55,5%) болса, 53-і – ер азамат (44,5%). Олар мемлекеттік сатып алу порталы (goszakup.gov.kz) арқылы мониторинг жасауды, қоғамдық бақылау жүргізуді, мемлекеттік құрылымдарға өтініш жолдауды, egov.kz, eotinish.kz, elicense.kz жүйелерін пайдалануды және заң бұзушылықтарды анықтау және талдау әдістерін үйренді. Сонымен қатар жоба аясында ауыл тұрғындарымен түрлі кездесулер, әйелдер мен студенттерге, ҮЕҰ-ға арналған семинар ұйымдастырылды.
Жоба нәтижесінде WhatsApp мессенджерінде аудандық азаматтық белсенділер чаттары құрылып, онда тұрғындарға құқықтық кеңес берілді. Қоғамдық бақылау жұмыстары үйлестірілуде. Жергілікті тұрғындармен бірлесіп бірнеше әлеуметтік нысанда қоғамдық мониторинг жүргізілді. Соның нәтижесінде Бәйтерек ауданының Қаражар ауылында бюджеттен қаржы бөлініп, 3,5 шақырым жолға асфальт төселді.
Қоғамдық бақылау барысында түсірілген бейнематериалдар әлеуметтік желілерде жарияланып, тек Instagram желісінің өзінде 150 мыңнан астам қаралым жинады. Бауыржан Закидің айтуынша, тренингтерге әсіресе қыз-келіншектер мен жастар белсенді қатысқан. Бұл олардың құқықтық сауаттылықты арттыруға және қоғамның әділдікке жетуіне үлес қосуға дайын екенін көрсетеді.
– Азаматтардың мемлекеттік сатып алуларға қоғамдық бақылау жасауы – бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына ықпал ететін маңызды құрал. Қоғам белсенді болмаса, жемқорлықпен күрес те нәтижелі болмайды. Ал белсенді азаматтарды өзіне көмекші ретінде тарту әр мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының құзіретінде, – дейді жоба авторы. Заңгер айтып өткендей, бүгінде Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы бір сарынды іс-қимылдан қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуді, халықтың сыбайлас жемқорлық пен непотизмнің кез келген түрін қабылдамауына, алдын алу шараларына көшуді көздейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында үкіметтің ашықтығын арттыруды, азаматтарды екіжақты диалогқа тартуды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытуды және оған азаматтық қоғамды кеңінен тартуды бекітті.
Жоба аясында жинақталған тәжірибе Астанада өткен Қазақстанның XII Азаматтық форумында және Ақтөбе қаласындағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көшбасшы мектебі» республикалық форумында таныстырылды. Құқық қорғаушы облыстық қоғамдық кеңестің әлеуетін пайдаланып, алдағы уақытта азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастыруға ниетті.

Айна Имашева,

"Жайық Пресс" 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале