9.04.2026, 10:15
Оқылды: 13

Қаратөбе ауылында тұрғындар жиыны өтті

жиын (4)

Қаратөбе ауылында округтегі көктемгі маусымдық жұмыстарға байланысты тұрғындармен кездесу жиналысы оздырылды.

Кездесу барысында округ әкімі Ермек Сайнов ауылдағы мал бағымы мен санитарлық тазалық мәселелеріне тоқталды.

– Қаратөбе ауданы әкімінің  қаулысына сәйкес елді мекен аумақтарының санитарлық жағдайын жақсарту, көгалдандыру және абаттандыру мақсатында 1 сәуір – 1 мамыр аралығы санитарлық-экологиялық айлық  жарияланды.

Осыған орай, округ аумағындағы барлық елді мекендерде тазалық жұмыстарын жүргізу қажет. Әрбір ауыл тұрғыны өз тұрғын үй аумағын тазалап, көктем мезгілінде ауыл шаруашылығы жануарларынан шыққан көңді шығаруды ұйымдастыруы тиіс.

Жоғарыда аталған санитарлық айлық аясында әрбір ауыл тұрғыны 15 күн ішінде күл-қоқыстарын шығаруы қажет. Қазіргі таңда қоқыс шығару қызметімен айналысатын кәсіпкерлік субъектілер мен аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесі қызмет көрсетуде.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығармаған ауыл тұрғындарына әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға сәйкес жеке тұлғаларға – 20 АЕК мөлшерінде, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Екінші мәселе – мал бағымын ұйымдастыру. Бұл мәселе әлі толық шешімін таппай отыр. Дегенмен, осы бағытта бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы мал бағымын ұйымдастыру мақсатында «Қаратөбе-2025» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Аталған кооператив арқылы Қаратөбе ауылының 6 көшесінің малы ауыл тұрғындары үшін қолжетімді бағамен бағылуда.

Бұдан бөлек, жекелеген ауыл тұрғындары да мал басына 3000 теңге көлемінде мал бағу қызметін көрсетуде. Осыған байланысты, ауыл тұрғындарынан малдарын арнайы мал бағымына қосуды сұраймыз.

Бағылмаған малдар ауыл ішіне кіріп, саябақтарды, аллеяларды және тротуарларды бүлдіруде. Сәйкесінше, қараусыз жүрген үй жануарларына айыппұл салуға тура келеді. Бұл бағытта учаскелік полиция инспекторымен бірлесіп жұмыстар жүргізілетін болады, - деді.

Жиын барысында Жұмалиев көшесінің тұрғыны Мәншүк Бекжанова "Жұмалиев тар көше, балалары бар көше" деп аталған көшеге балаларға арналған ойын алаңын салу қажеттігін көтерді. Ол көшедегі қараусыз жүрген мал мәселесін де атап, тұрғындар арасында кезекшілік ұйымдастырып, малды ауыл сыртына айдап шығару тәртібін енгізу, қоқыс жәшіктерін ит-құс және мал шашпау үшін қоқыс жәшіктерін қоршау, уақытында алуды ұсынды. Сонымен қатар Бекжан Қойшекенов кейбір тұрғындар қоқыс полигоны бар болса да қалдықтарды арнайы орынға апармай, полигон сыртына төкпеу және көшедегі қоқыс жәшіктері ауыл тұрғындары малдың өлекселерін, ішек-қарнын тастамау жөнінде ескертпе қағаздар тарату, шағыл құмының ауылға қарай көшуін алдын алу шараларын қолға алу жөнінде айтса, Бақытжан Әнесов Мұхит көшесіне балалар ойын алаңын салу жөнінде айтты. Ал Бақытжан Жүсіпқали тұрғындарға үйден шығатын құрылыс материалдарын қоқыс полигонына апару кезінде төлем мөлшерін нақты белгілеу мәселесін көтерді.

Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға ауыл әкімі Ермек Сайнов түсінік беріп, айтылған ұсыныстар алдағы іс-шаралар жоспарына енгізілетінін жеткізді. Сонымен қатар, барлық көтерілген мәселелер бойынша нақты шаралар қабылданып, бақылауда болатыны атап өтті.

Басқосуда Қаратөбе аудандық полициясының учаскелік полиция инспекторы Төлеген Наурызалин сөз алып, малдың қараусыз жүруі және жолдағы қауіп-қатерлер туралы ескертпе жасады.

– Кездесуде көтеріліп отырған мал бағу мәселесін біржақты шешілу қажет. Мал бағымының дұрыс ұйымдастырылмауы мал ұрлығы мен жол-көлік оқиғаларына себеп болады. Дегенмен, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында мал ұрлығы мен жол-көлік оқиғалары тіркелген жоқ. Алайда, бұл мәселе толық шешілді дегенді білдірмейді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына малдарына жарық шағылыстырғыш құрал (флиппер) орнату қажет. Бұл жол-көлік оқиғаларының алдын алуға көмектеседі. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарына малдарына бірдейлендіру сырғасын тағу міндетті, - деді.

Жиында аудан нотариусы Манат Орынтаев тұрғындарға қоқыс қалдықтарының төлемін уақытында жасау қажеттігін түсіндірді. Ол төлем кешіктірілген жағдайда атқарушы парағы толтырылатынын және қосымша шығындарға ұшырау мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар, нотариус төлемді уақытында жасау арқылы ауылдың санитарлық тазалығын сақтау керегін түсіндірді.

Жиында ауыл тұрғыны ауыл Нұрболат Есенгелдин сөз алып, «Тышқантай» қорымын қоршау мәселесін сөз қылды.

– Ауыл әкімі Ермек Бекболатұлы «Тышқантай» қорымы туралы ескертіп өтті. Бұл бағытта өткен жылы қаражат жинау жұмыстары басталған болатын. Қазіргі таңда қажетті қаражаттың 70 пайызы жиналды. Барлық құрылыс материалдары алынып, ауылға жеткізілді. Ендігі кезекте ағымдағы жылдың сәуір айының 10-ынан бастап құрылыс жұмыстары басталады. Осы игі іске қолдау көрсетемін деген ауыл тұрғындарын қатысуға шақырамыз. Сонымен қатар, жыл сайын жас түлектер мен кәсіпкерлер де өз қаражаттарын аударып, көмек көрсетіп келеді. Осы ретте барлығымыздың, ағайын-туыс, ауылдастардың бірлесе атсалысуы маңызды, - деді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Ғабит Талаптанұлы сөз алып, тұрғындарды көктемгі маусымдық жұмыстарға белсенді қатысуға шақырып, ауылдағы мал бағымы, санитарлық тазалық мәселелеріне тоқталды.

– Қараусыз жүрген мал ауылдың тазалығына кері әсерін тигізуде. Сондықтан мал бағымын жүйелі ұйымдастыру қажет. Ауыл тазалығын сақтау үшін ай бойғы сенбілікке белсенді қатысуымыз керек. Әр тұрғын өз үйі мен ауласын таза ұстауға жауапты. Сондай-ақ, қоқыс полигонын дұрыс пайдалану, көшелерді қоқыстан тазалау – барлығымыздың міндетіміз. Мал мен тұрмыстық қалдықтардың бақылауда болуы ауылдың санитарлық жағдайын жақсартады. Ортақ іске жұмыла атсалыссақ, ауылдың көркі мен тазалығы тұрақты болады. Біз әр тұрғынның өз үлесін қосуы арқылы ауылымыздың қауіпсіз әрі таза болатынына сеніміміз мол, - деді аудан әкімі орынбасары Ғабит Талаптанұлы.

Р.Абай

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале