10.04.2026, 9:00
Оқылды: 12

Жәнібек ауданында шебер зейнеткер жүз тереді

image-09-04-26-09-58

 

Жүз теру – қазақтың ежелден келе жатқан қолөнерінің бірі. Бұл алаша тоқу барысында жіптерді белгілі бір ретпен санап, дәлдікпен теріп өткізу арқылы күрделі өрнек шығаратын ерекше тәсіл. Әр жіптің өз орны, әр өрнектің өз мәні бар. Жүз теру үлкен шыдамдылықты, ұқыптылықты, есеп пен зердені талап етеді. Бір ғана қателік тұтас өрнектің бұзылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл өнерді меңгеру тек қолдың икеміне емес, мінездің төзімділігі мен жанның сабырына да байланысты. Осындай ұлттық өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан жандар халқымыздың рухани мұрасын сақтаушылар.

Солардың бірі ғұмырын еңбекпен өрнектеп, ұлттық өнерді насихаттап жүрген кейіпкеріміз Асылғаным Буришина. Осы орайда біз кейіпкеріміздің үйіне арнайы барып, жүздесіп, өмір жолы мен ұлттық өнерге келген тағылымды жолы жайында әңгімелескен едік.

Асылғаным Буришина 1952 жылдың күз айында Бөкей Ордасы ауданына қарасты Бисен ауылдық округінің Жемқұм ауылында дүниеге келген. Бала күнінен еңбекке жақын болып өскен ол алғашқы білімін Темір Масин атындағы мектепте алып, 10 сыныпты тәмамдайды. Бала арманы сауда саласында еңбек ету еді. Арман жетелеген жас қыз еңбек жолын Жетібай ауылында сатушы болып бастайды.

Уақыт өте келе тағдыр жолы оны Жәнібек жеріне әкеледі. 1982–1992 жылдар аралығында аудандық мәдениет үйінде еден жуушы, саябақта кассир қызметтерін атқарып, адал еңбегімен елге танылады. Кейін қазіргі М.Ықсанов колледжінің бұрынғы директоры Аманкелді Уахитовтың шақыруымен оқу орнына келіп, қолөнерден сабақ беруге ауысады. Осылайша оның өміріндегі жаңа кезең ұлттық өнерді үйрету жолы басталады.

Кейіпкеріміздің ерекше меңгерген өнері қазақтың дәстүрлі жүз теру өнері. Оның айтуынша, бір ғана алаша тоқу үшін жүздеген рет жіпті дәл есеппен өткізу қажет. Бір жіп артық не кем кетсе, бүкіл өрнектің сәні бұзылады. Сондықтан бұл өнер сабыр мен шыдамды, үлкен жауапкершілікті қажет етеді.

«Бұл жұмыс адамның мінезін тәрбиелейді. Әр жіп өз орнында болуы керек. Сонда ғана өрнек әдемі шығады», – дейді кейіпкеріміз.

Қолөнерге деген қызығушылығы оқу арқылы емес, анадан дарыған қасиет екен. Анасы текемет басып, сырмақ сырып, ауыл қыздарына үлгі болған шебер жан болған. Кейіпкеріміз жүз теруді де сол кісіден үйренгенін ерекше мақтанышпен еске алады.

Өмір жолы жеңіл болмаған. Әкесі ерте қайтыс болып, отбасының ауыртпалығы ағасының иығына түседі. Кейін жеке өмірінде де талай сынақты бастан өткереді. Жолдасы небәрі 33 жасында өмірден өтіп, төрт қызды жалғыз өзі тәрбиелеу ана иығына үлкен жауапкершілік жүктейді. Соған қарамастан, ол қайсарлық танытып, балаларын ешкімнен кем қылмай өсірді. Бір перзентінен айырылу да жүрекке ауыр жара салғанымен, өмірге деген жігерін жоғалтпай, аналық міндетін абыроймен атқара білді. Бүгінде қыздарынан тараған жиендерінің қызығын көріп отырған бақытты әже.

Анасының көзіндей болған алашаларды музейге тапсырып, ұлттық мұраны келер ұрпаққа аманат еткен. Сонымен қатар өз оқушыларының қолынан шыққан туындылар да жергілікті музей қорынан орын алған.

Кейіпкеріміз туралы оны ұзақ жылдан бері білетін жандар да ерекше ілтипатпен еске алады. Замандастарының айтуынша, Асылғаным апай өте қарапайым, нәзік мінезді, үлкеннің сөзін жерге тастамайтын, айналасына жылулық сыйлай білетін жан. Еңбек жолының алғашқы кезеңінде халыққа қызмет көрсету орталығындағы аяқ киім тігетін цехта жұмыс істеп, әрі қабылдаушы, әрі шебер болған. Ол кезде аяқ киім тарамыспен қолмен тігілетін. Тарамысты тарқатып отырып, аяқ киімді қалыпқа келтіріп тігетін нағыз ісмер ретінде ел есінде қалған.

Жалғызбасты ана болса да, қыздарын мейірім мен адамгершілікке тәрбиелеп, білім мен өнерге баулыды. Үй шаруасын да, түздің жұмысын да қатар алып жүріп, қорадағы малын бағып, шаңырақ тіршілігін дөңгелетіп отырған. Қандай қиындық кездессе де, сабыр мен еңбекке сүйеніп, өмірдің барлық сынағынан сүрінбей өтті – дейді Гүлнәр Хайырлиева.

Қазір зейнеткерлікке шыққанымен, қол қусырып отырған жан емес. Үй шаруасы мен мал шаруашылығын қатар алып жүріп, қолөнерден қол үзбейді. Үлкен алаша тоқу үшін 12–13 құлаш жіп қажет екенін, ал жұмыстың күрделілігіне қарай оны 15–20 күнде аяқтайтынын айтады. Жүнді табиғи тәсілмен бояп, түстер үйлесімін шебердің өзі таңдайды.

«Бұрынғылар есеп білмесе де, өрнекті жаңылмай шығарған. Барлығын оймен өлшеп, жүрекпен жасаған», – дейді ол.

image-09-04-26-09-58-1

Сонымен қатар кейіпкеріміз домбыра тартып, халық әндерін нақышына келтіріп орындайды. Қазіргі таңда «Ақниет» әжелер ансамблінің белсенді мүшесі ретінде көпшілік ортасында өнер көрсетіп, ақыл-парасатымен де, өнерімен де ел ықыласына бөленіп жүр.

Бүгінде ол қоғамдық жұмыстардан да шет қалған емес. 2011 жылдан бері ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі. Түрлі шараларға қатысып, замандастарымен араласып, бос уақытын мазмұнды өткізеді. Газет-журнал оқып, тоғызқұмалақ пен шахмат ойнап, сергек өмір салтын ұстанады.

Тілші ретінде кейіпкерімізбен әңгімелесе отырып, бір нәрсеге анық көз жеткіздік: оның өмір жолы маңдай термен жазылған тағылымды тарих. Қарапайым еңбек арқылы үлкен өнерді сақтап, ұрпаққа жеткізу нағыз жанашыр жанның ғана қолынан келетін іс.

Еңбекпен өрілген ғұмыр, аналық мейірім, ұлттық өнерге адалдық оның өмірінің басты өрнегі. Ал сол өрнек уақыт өткен сайын құнын жоғалтпай, кейінгі буынға өнеге болып қала беретіні сөзсіз.

Жүз теру тек қолдың өнері емес, бұл  шыдамдылықтың, сабыр мен еңбектің символы. Кейіпкеріміздің өмірі дәл осы өнердің өзі сияқты: әр жіп өз орнында, әр әрекет есеппен, әр қиындық төзіммен жеңілген. Оның ғұмыры ұлттық өнерді сақтап қана қоймай, еңбек пен махаббат арқылы ұрпаққа өнеге көрсетудің тірі дәлелі. Жүз терудің күрделі өрнектері сияқты, өмір жолы да талай сабақ пен тағылымға толы. Сондықтан оның тарихы  әр қазаққа, әр қолөнершіге, әр жанға шабыт беретін нағыз мұра.

  Бану Самат

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале