Бүгін Шыңғырлау ауданындағы А.Тихоненко атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде осы білім ордасының 1993 жылғы түлегі, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы, генерал-майор, Шыңғырлау ауданының Құрметті азаматы Мереке Мәтімұлы Кучекбаев атындағы арнайы кабинет салтанатты түрде ашылды.

Арнайы кабинет заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылып, әскери-патриоттық бағыттағы тәрбиелік және білім беру жұмыстарына арналған жаңа мүмкіндіктермен жабдықталған. Мұнда оқушылар әскери дайындық негіздерін меңгеріп қана қоймай, ел тарихын, Тәуелсіз Қазақстан армиясының қалыптасу жолын терең тануға мүмкіндік алады.
Салтанатты шараға облыс әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі, полковник Мақсат Жақияұлы Мұқанов, Батыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Әсембек Уалиханұлы Ахметов, БҚО оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Мейрлан Аманжолұлы Нұрханов,сондай-ақ Шыңғырлау ауданы білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Ығылманұлы Есенов арнайы қатысып, игі бастамаға сәттілік тіледі.
Шара барысында сөз сөйлеген аудандық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Ығылманұлы арнайы кабинеттің ашылуының маңызына ерекше тоқталды.
– "Бұл кабинет – жай ғана оқу бөлмесі емес, жас ұрпақтың бойына елжандылық қасиетті сіңіретін тағылым ордасы. Бүгінгі оқушы ертеңгі ел қорғаны. Сондықтан өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу баршамыздың ортақ міндетіміз. Генерал-майор Мереке Мәтімұлының өмір жолы, ел алдындағы адал қызметі оқушылар үшін үлкен өнеге мектебі болады деп сенеміз. Осындай тұлғаларды дәріптеу арқылы біз балалардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастырамыз, – деді бөлім басшысы.


Расында, қазіргі қоғамда жас буынға ұлттық құндылықтарды дәріптеу, елін сүюге баулу аса маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе әскери-патриоттық тәрбие жасөспірімдердің мінезін шыңдап, тәртіпке, жауапкершілікке, батылдыққа тәрбиелейді. Осындай кабинеттердің ашылуы оқушылардың әскери мамандықтарға қызығушылығын арттырып, олардың болашақ мамандық таңдауына да оң ықпал етеді.
Мереке Мәтімұлы Кучекбаев – туған жерден түлеп ұшып, елдік мүдде жолында абыройлы қызмет атқарып жүрген дара тұлға. Оның жетістігі аудан жастары үшін биік мақсатқа ұмтылудың, еңбек пен табандылықтың жарқын үлгісі.
Тағылымды шара барысында қонақтар кабинетпен танысып, оның материалдық-техникалық жабдықталуына жоғары баға берді. Сонымен қатар мектеп оқушылары әскери дайындық бағытындағы көріністер ұсынды.
Сара Шакрат
ШЫңғырлау ауданы