25.05.2026, 12:00
Оқылды: 8

Оралда iPhone 17 ұрлығына күдікті азамат Ұлттық ұлан сарбаздарының көмегімен ұсталды

Орал қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5517 әскери бөлімінің әскери қызметшілері кезекті рет қырағылық пен жедел әрекеттің үлгісін көрсетті.

d66d5edc-d8cb-4add-92e4-091b0535e8f2

Кешкі уақытта патрульдеу қызметін атқарып жүрген әскери жасаққа радиобайланыс арқылы қала аумағында “А” есімді азаматшаның iPhone 17 Pro маркалы ұялы телефонын белгісіз азаматтың ұрлап кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Алынған мәліметке сәйкес, әскери жасақ күдіктіні іздестіру жұмыстарын дереу бастады.

№741 бағыт бойынша қызмет атқарып жүрген әскери жасақ бастығы қатардағы Еламан Еролеев пен патрульшілер Нұрдәулет Өтепберген және Ади Болатов күдіктінің сыртқы келбеті туралы берілген бағдарға сәйкес келетін азаматты байқап қалған.

Әскери қызметшілер азаматты тоқтатып, онымен әңгімелесу барысында оның күмәнді әрекеттеріне назар аударған. Сөйлесу кезінде ер азамат өзін сенімсіз ұстап, кенеттен оқиға орнынан қашуға әрекет жасаған. Алайда ұландықтардың жедел әрі үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде күдікті ұсталды.

Тексеру және тінту барысында азаматтың сырт киімінің оң жақ қалтасынан ұрланған iPhone 17 маркалы ұялы телефоны табылды. Кейіннен ұсталған азамат одан әрі процессуалдық әрекеттер жүргізу үшін құқық қорғау органдары қызметкерлеріне тапсырылды.

Әскери жасақ бастығы қатардағы Еламан Еролеевтің айтуынша, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – әскери қызметшілердің басты міндеттерінің бірі.

— Патрульдеу кезінде әрбір күмәнді жағдайға мұқият назар аударамыз. Сол күні де алдын ала берілген мәліметке сәйкес келетін азаматты байқап, дереу әрекет еттік. Күдікті қашуға тырысқанымен, сарбаздардың қырағылығы мен шапшаңдығының арқасында ұсталды. Қоғамдық тәртіпті сақтау жолында біз әрдайым дайын болуымыз керек, — деді ол.

Аталған оқиға Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің кәсібилігі мен жоғары жауапкершілігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қоғам тыныштығын күзетіп жүрген ұландықтар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы қызметтерін тұрақты түрде жалғастырып келеді.

ҚР Ұлттық ұланы
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале