
Хан ордасы ауылындағы Жәңгір хан атындағы мектеп базасында «Бөкей ордасы: тарихи мұра және заманауи білім беру практикасы» тақырыбында тарих пәні мұғалімдеріне арналған аймақтық әдістемелік воркшоп өткізілді.
Воркшопқа Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының тарих пәні мұғалімдері, облыстық және аудандық әдістемелік орталықтардың әдіскерлері қатысты.
Бағдарлама аясында «Хан Ордасы музей-қорығы: бабалар аманатын жалғаған алтын көпір», «XV–XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталарды тарих сабақтарында қолдану тиімділігі», «Бөкей ордасының жеті кереметі» ғылыми жобасы, «Сакральные координаты ЗКО» туристік-экспедициялық маршруты сынды мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Сонымен қатар қатысушылар тарихи білімді оқытудағы заманауи тәсілдер, сыни ойлауды дамыту, далалық сабақтар мен зерттеуге бағытталған оқыту әдістері бойынша тәжірибе алмасты.
Педагогтер «Method Expo: мұғалім шеберлігінің көрмесінде» қысқа форматта өздерінің тиімді әдіс-тәсілдерін, авторлық идеяларын және цифрлық құралдарды қолдану тәжірибелерін таныстырды.
Іс-шара барысында «Хан ордасының құпиясы» атты тарихи квест ойыны өткізіліп, қатысушылар тарихи деректерге негізделген тапсырмалар арқылы білімдерін сынады.
Қатысушылар тарихи орындарға саяхат жасап, Хан Ордасы музей-қорығында экскурсияға қатысты. Бұл өз кезегінде теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді.
Анар Артықбай