9.04.2026, 23:00
Оқылды: 4

Кеңесте не қаралды?

Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға кеңес мүшелері, аудандық бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

кеңесте не қаралды
Кеңес отырысының күн тәртібі ауқымды болды. Алғашқы болып қаралған мәселе – табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары. Бұл бағытта аудандық төтенше жағдайлар және қадағалау бөлімінің басшысы Ғабит Жасталап баяндама жасап, аудан аумағында жүргізіліп жатқан профилактикалық шараларға тоқталды. Оның айтуынша, соңғы уақытта қауіпсіздік талаптарын күшейтуге ерекше мән беріліп, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары, оқу-жаттығулар және бақылау шаралары жүйелі түрде жүргізілген. Сонымен қатар, көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық барысы да назардан тыс қалмаған.
Келесі кезекте жайылымдарды басқару және оларды тиімді пайдалану мәселесі қаралды. Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Жанболат Мұхамбетжанов бұл бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталып, жайылым жерлерін ұтымды пайдалану ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның мәліметінше, соңғы жылдары жайылым тапшылығын болдырмау және жер ресурстарын әділ бөлу мақсатында нақты шаралар қолға алынған.

кеңесте не қаралды

Отырыстың үшінші мәселесі аудандық экономика және қаржы бөлімінің 2025 жылғы қызмет қорытындыларына арналды. Бөлім басшысы Әділ Арыстанов өткен жылдағы негізгі көрсеткіштерді саралап, бюджеттің орындалу деңгейі, кірістер мен шығыстардың тиімді игерілуі жөнінде есеп берді. Ол өз сөзінде аудан экономикасында оң динамика байқалғанын, бірқатар салаларда өсім бар екенін атап өтті.
Кеңесте ауылдық округтердегі мемлекеттік қызмет көрсету сапасы да назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, Шолақанқаты ауылдық округі әкімі аппаратының жұмысы қаралып, міндетін атқарушы Амангелді Қажмұратов атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Ол тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында жүргізілген шараларға тоқталды. Кеңес мүшелері тарапынан бұл бағытта бірқатар ұсыныстар айтылды.
Сондай-ақ Алғабас ауылдық округі әкімі аппаратының қызмет көрсету сапасы бойынша округ әкімі Өркен Аменов есеп берді. Ол мемлекеттік қызметтердің уақытылы әрі сапалы көрсетілуі үшін цифрландыру мен ашықтық қағидаттарының маңызына тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жиын барысында барлық қаралған мәселелер бойынша пікір алмасу өтіп, кеңес мүшелері тарапынан нақты ұсыныстар мен ескертулер айтылды. Қоғамдық кеңес алаңы жергілікті атқарушы органдардың жұмысына қоғамдық бақылау жүргізіп қана қоймай, ауданның дамуына серпін беретін маңызды диалог алаңы екенін тағы бір мәрте көрсетті.

кеңесте не қаралды 1
Отырыс қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қабылданып, жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов түйіндеді.

Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале