10.04.2026, 20:00
Оқылды: 6

Оралдың «Шаңырақ» театр студиясы халықаралық фестивалде бас жүлде алды

 b8374ea7-b2cd-4161-b82c-937d128fb8cf

Алматыда  өткен  IV  халықаралық  «Алға,  жетістікке – 2026»  балалар  театрларының  фестивалінде  Орал  қалалық  мектептен  тыс  жұмыс  орталығының  «Шаңырақ»  театр  студиясы  бас  жүлдені  жеңіп  алды.  Өнер  байқауына  Қазақстанның  барлық  облысынан  және  Ресей,  Беларусь,  Қырғызстаннан  32  театр  ұжымы    қатысты.   

Алматы қаласының Оқушылар мен балалар үйі балалар театрларының байқауын жыл сайын өткізеді. Халықаралық деңгейде өткен кезекті фестиваль үш күнге созылды.  Байқау көршілес елдерден келген шығармашылық топтардың өнерін тамашалауға және өзара тәжірибе  алмасуға  мүмкіндік  берді.

«Шаңырақ» театр студиясы көпшілік назарына «Тыңдашы» драмалық қойылымын ұсынды. Отбасылық құндылықты, бауырлар арасындағы сыйластықты, ата-анаға құрметті насихаттайтын аталған қойылымның ауторы – студия жетекшісі, қосымша білім беру педагогі (мамандығы режиссер) Жандос Бақтығалиев. Театр мен өнер саласының майталмандары, қазылар алқасы, оралдық жас өрендердің қойылымын жылы қабылдады.  Шығарманы сахналауға алты шәкірт қатысты. Бұл театр студиясы аталған орталықта бес жылдан  бері  жұмыс  істейді.

Түрлі аталымдар бойынша байқауға қатысушылардың ішінен тек бес өнерпаз марапатталды. Олардың ішінде екеуі біздің өңірден: «Шаңырақ» театр студиясының тәрбиеленушілері – Бекарыс  Бақтығалиұлы «Үздік ер адам бейнесі», Саида Аққобан «Үздік актриса» аталымдарына лайық деп танылды. Екеуі де шығармашылықтың, өнердің және мәдениеттің ордасы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсіп, кәсіби актер болуға дайындалуда. Сондай-ақ өскелең ұрпаққа эстетикалық тәрбие берудегі жемісті еңбегі үшін  театр студиясының жетекшісі Жандос Бақтығалиев алғысхатпен  марапатталды.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Жайық Пресс»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале