

Орал қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кубогына арналған спорттық және жауынгерлік самбодан чемпионат басталды.

Ел қорғаны саналатын айбынды құрылым сарбаздарының басын қосқан бұл додаға Ұлттық ұланның «Оңтүстік», «Орталық», «Шығыс» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының, сондай-ақ Астана қаласындағы 5573, 6636 әскери бөлімдері, Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімі мен Петропавлдағы Ұлттық ұлан Әскери академиясынан 100-ге жуық спортшы қатысуда. Әр өңірден іріктеліп келген спортшылар боз кілемде өзара мықтыны анықтамақ.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Бекайдар Қазкеев қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай спорттық шаралар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде, сондай-ақ олардың спортпен тұрақты айналысуына зор ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар, іс-шара барысында Орал қаласы әкімінің орынбасары Арсен Зиннатұлы сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, бүгін басталған тартысты бәсекенің финалдық кездесулері 16 сәуір күні өтеді. Сол күні жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, салтанатты түрде марапатталатын болады.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметі