17.04.2026, 15:00
Оқылды: 17

Облыс ауыз сумен 100% қамтылды

жп тер су (7)

Ақ Жайық өңірінің халқы 100% ауыз сумен қамтылған. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұркен Молдашевтің  айтуынша, қазіргі кезде 413 ауылдың 362-сі орталықтандырылған ауыз суды тұтынады. Ал 51 елді мекен құдықтар мен ұңғымалардың суын пайдаланады. Бұл ауылдарды орталықтандырылған су желісіне қосу мүмкін емес. Оның ішінде сегіз елді мекен (Сырым ауданында) таратылған, 43 ауылға су құбырын тарту экономикалық тұрғыдан  тиімсіз.

«Суы жоқ 43 ауылда жалпы 1000-ға жуық адам тұрады. Әр ауылда 10-20 адамнан қалған. Санаулы  елді мекендер тұрғындары ауладағы құдықтарды пайдалануда. Олар кешенді блок-модульді орнатудан бас тартты», – деді Нұркен Еділұлы.

2025 жылы облыста 8,9 млрд теңгеге 15 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталып, 40 ауылда кешендік блок-модуль орнатылды. Соның ішінде 14 жобаға – 8,6 млрд теңге (оның ішінде республикалық бюджеттен 6,2 млрд, жергілікті бюджеттен – 2,4 млрд теңге, 40 кешенді блок-модуль орнатуға – жергілікті бюджеттен 0,3 млрд теңге) бағытталды.

Сумен қамтамасыз ету бағытындағы тыңғылықты жұмыстың нәтижесінде сегіз мыңдай адам таза ауыз сумен қамтылды. Өңір халқын толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы толығымен орындалды.  Биыл бес ауылдағы сумен қамту нысандарын қайта жаңарту қолға алынады. Бұған 3,9 млрд  теңге  қарастырылған.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы, 

"Жайық Пресс" 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале