Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте Шыңғырлау ауданына қарасты Ардақ ауылдық округінде де игі бастама жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Ардақ ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен ауыл аумағында тұрақты түрде сенбіліктер өткізіліп, оған мекеме қызметкерлері, жастар, еріктілер және ауыл тұрғындары белсенді қатысуда. Ұйымдастырылған тазалық шаралары барысында көшелер мен жол жиектері, қоғамдық орындар, саябақтар мен бос жатқан аумақтар қоқыстан тазартылып, ретке келтірілуде.
Ауылдың көркін арттыру және экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында көгалдандыру жұмыстарына да ерекше мән берілуде. Биылғы маусымда ауыл көшелері мен қоғамдық орындарға әртүрлі тал-теректер мен сәндік өсімдіктер отырғызылып, жасыл желек көлемін ұлғайту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаның тазалығын сақтаумен қатар, ауылдың эстетикалық келбетін жақсартуға септігін тигізуде.
Сонымен қатар, абаттандыру бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, аулалар мен қоғамдық орындар тазартылып ретке келтірілуде. Жергілікті тұрғындардың ұсыныстары ескеріліп, ауылды көркейту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Ардақ ауылдық округінің әкімі Мәди Сатыбалдиев бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті:
– «Таза Қазақстан» акциясы – барша халықты ортақ іске жұмылдыратын маңызды жоба. Тазалық әрбір азаматтың ішкі мәдениетінің көрсеткіші. Біздің басты мақсатымыз ауылымызды таза, көрікті әрі өмір сүруге қолайлы ортаға айналдыру. Осы бағытта алдағы уақытта да сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылып, көгалдандыру жұмыстарын жандандыра түсеміз. Әсіресе, жастардың белсенділігін арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше назар аударамыз. Әр тұрғын туған жердің тазалығына жауапкершілікпен қараса, ауылымыздың ажары одан әрі айшықтала түседі», – деді.
Ауыл тұрғындары да игі бастамадан шет қалмай, ортақ іске өз үлестерін қосуда. Үлкендер жастарға үлгі көрсетіп, тазалық жұмыстарына белсенді қатысса, жас буын да туған жерді құрметтеудің нақты көрінісін танытуда. Осындай бірлік пен ынтымақтың арқасында ауылдың келбеті күннен-күнге жаңарып, көркейіп келеді.
Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар тек бүгінгі күннің ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де маңызды. Таза әрі көрікті ауыл – тұрғындардың өмір сапасын арттырудың басты кепілі. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
Светлана Ешматова
Шыңғырлау ауданы