Батыс Қазақстан облысы оқушылары арасында өткен ХІІІ жазғы Гимназиаданың облыстық кезеңінде Шыңғырлау ауданының командасы тағы бір жарқын жетістікке қол жеткізді. Шахмат спорт түрінен 2009–2010 жылы туған оқушылар арасында сынға түскен жас дарындар командалық есепте І орынды жеңіп алып, аудан намысын абыроймен қорғады.

Бұл жеңіс – кездейсоқтық емес. Ол табандылық пен терең ойдың, жүйелі дайындық пен командалық бірліктің нақты нәтижесі. Жас шахматшылар әр партияда жоғары шеберлік танытып, әр жүрісін ойланып жасап, қарсыластарынан басым түсті. Олардың ойын барысында көрсеткен сабырлылығы мен есепке құрылған тактикасы көрермендер мен төрешілердің жоғары бағасына ие болды.
Аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының шахмат үйірмесінің жетекшісі Теміржан Мамбетов жарыстың маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай додалар жас спортшылардың тәжірибе жинақтап, өз қабілеттерін шыңдауына үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындыра берулеріне тілектестік білдірді.
Шыңғырлау ауданының жас шахматшылары бұл жеңісімен өздерінің үлкен әлеуетке ие екенін дәлелдеді. Алдағы уақытта да олар жаңа жетістіктерге жетіп, өңір намысын жоғары деңгейде қорғайтынына сенім мол.
С.Әділ
Шыңғырлау ауданы