Елдің тұрмысын жақсартуға бағытталған әрбір игі іс – халықтың көңілінен шығып, ел алғысына бөленетін маңызды қадам. Әсіресе ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нақты шешімдер жұртшылық тарапынан әрдайым жоғары бағаланады. Осындай ел игілігіне бағытталған жақсы жаңалықтың бірі – Тайпақ ауылына жаңа банкомат орнатылды.

Көптен бері ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп келген "Халық банк" банкоматының тозығы жетіп, техникалық ақаулардың жиі орын алуы халыққа қолайсыздық туғызғаны белгілі. Әсіресе зейнеткерлер мен әлеуметтік төлем алушылар, сондай-ақ күнделікті қаржы операцияларын жүргізетін ауыл тұрғындары үшін жаңа банкоматтың қажеттілігі өзекті мәселеге айналған еді. Ауыл халқы үшін маңызды осы мәселе дер кезінде назарға алынып, оң шешімін тапты.
Тайпақ ауылдық округі тұрғындарының өтінішіне құлақ асып, ескі банкоматты жаңасына ауыстырып, халық игілігіне пайдалануға берілуіне қолдау көрсеткен Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Амангелдіұлы Сердалинге, өтінішімізді құп алған «Халық банктің» аудандық филиалының басшылығына ауыл тұрғындарының ризашылығы ерекше.

Тайпақ ауылдық округінде жүзеге асқан осы және өзге де игі бастамалар – аудан басшылығының ел мүддесіне адал қызмет етіп, тұрғындардың ұсыныс-пікіріне бейжай қарамайтынының айқын дәлелі. Халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған әрбір игі іс елдің ризашылығына бөленіп, жұрттың сенімін нығайта түсетіні сөзсіз.
Халықтың алғысына бөлену – зор мәртебе. Тайпақ ауылдық округінің тұрғындары аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы Сердалинге ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жүйелі еңбегі үшін шынайы алғыстарын білдіріп, жауапты қызметіне табыс, ел игілігі жолындағы бастамаларына мол жетістік тілейді.
Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы