Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, танымал ақын, бірнеше жыр жинағының авторы Ғайсағали Сейтақ Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.

Ғайсағали Самиғоллаұлы – ұзақ жыл журналистика саласында абыройлы қызмет атқарған ардагер. Ол «Орал өңірі» газетінің редакциясы мен «Жайық Пресс» ЖШС-да біраз жыл басшылық қызметтер атқарып, жас тілшілердің маман ретінде қалыптасуына да айтулы үлес қосты. Ғайсақаң бүгіндері «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі ретінде біздің өңірге қатысты шұғыл ақпарат, жедел мәліметтерді қаламын суытпай дер кезінде таратып келеді. Мәртебелі мемлекеттік марапат Ғайсағали Самиғоллаұлының шығармашылығына тың шабыт, соны серпін береді деп сенеміз.

Ғайсақа, сізді «Құрмет» орденімен марапатталуыңызбен барша әріптестер атынан құттықтай отырып, деніңізге саулық, айналаңызға амандық, отбасыңызға баянды бақыт, әулетіңізге береке-бірлік пен ырыс-ынтымақ тілейміз!
Еңбегіңіз әрдайым лайықты бағаланып, бақ жұлдызыңыз жарқырай берсін!
Игі тілекпен: «Орал өңірі» газеті редакциясы мен «Жайық Пресс» ЖШС-ның ұжымы