25.04.2026, 9:00
Оқылды: 8

Переметныйда үстел теннисінен аудандық ашық турнир өтті

Переметный ауылында «Біз есірткісіз өмірді таңдаймыз» деген атаумен үстел теннисінен аудандық ашық турнир өтті. Онда Орал қаласынан, Ақжайық, Жәнібек, Жаңақала, Теректі, Тасқала аудандарынан келген спортшылар сынға түсті.

image-24-04-26-06-37-1

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру, «Нашақорлыққа қарсы күрес» акциясы аясында ұйымдастырылған жарысқа БҚО полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бағдат Түгелов, осы департаменттің консультативтік-кеңесші органының мүшесі, есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшесі Әсел Мырзахметова, аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция майоры Қайрат Маратов, «Яңарыш» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Юлия Яфарова қатысты.
– «Біз есірткісіз өмірді таңдаймыз» атты үстел теннисі жарыстың басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және есірткінің зияны туралы түсіндіру. Мұндай шаралар арқылы жас буынның зиянды әдеттерге деген жағымсыз көзқарасын қалыптастырып, олардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеміз. Сонымен қатар, спорттық жарыстар жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, өзара достық қарым-қатынасты нығайтуға және салауатты бәсекелестік мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осындай бастамалар қоғамда дені сау, белсенді ұрпақ тәрбиелеуге негіз болады, – деді жарыстың ашылу салтанатында полиция подполковнигі Бағдат Аманжолұлы.

image-24-04-26-06-37
«Яңарыш» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Юлия Яфарова атап өткендей, аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылған осынау шараға негіз болған үстел теннисінің таңдалуы да кездейсоқ емес. Бұл – қолжетімді, кең таралған әрі көрерменге тартымды спорт түрі. Онымен жас та, ересек те айналыса алады. Сонымен қатар, үстел теннисі адамның шапшаңдығын, зейінін, төзімділігін арттырып, тәртіпке баулиды.
Турнир қорытындысы бойынша жәнібектік Бауыржан Мырзағалиев жеңімпаз атанды. Екінші орын оралдық Нұрсал Сәлімғалиевке бұйырды. Бәйтеректің намысын қорғаған асандық Ақылбек Оспанов қола жүлдегер атанды. Ал «Үздік ойыншы» аталымы Мейрамбек Досқаровқа, «Үздік қорғаушы» атағы Жәнібек Хаировқа табысталды. Бірқатар қатысушылар алғысхаттармен марапатталды.

image-24-04-26-06-37-4

Жарыс жеңімпазы, Жәнібекте мұғалім болып жұмыс істейтін Бауыржан Мырзағалиев осындай турнирлердің ұйымдастырылуы жастарды спортқа тартудың тиімді жолы екенін атап өтті. Әсіресе есірткінің зияны туралы кең көлемде түсіндірме жұмыстары жүргізілгені өте маңызды. “Бұл – тек жарыс емес, тәрбиелік мәні зор іс-шара болды” деді ол.

Салтанат Зұлқарнаева

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале