Шыңғырлау ауданы облыс орталығынан шалғай орналасқандықтан ойын-сауық орталықтары, балаларға арналған түрлі дамыту-сергіту орындары қолжетімді бола бермейтін. Әсіресе, қыс айларында кішкентай бөбектерді апарып ойнатар орындар жоқ болатын. Аудан орталығының әр тұсында салынған ойын алаңдары балалар үшін жазғы уақыттың таусылмас қызығына себепші болғанымен, қыстың күні ойын баласы бұл маңнан сирек көрінеді. Яғни, тұрғындарға қажет орындардың бірі осы еді. Себебі, балаларын ойнатқысы келген тұрғындар Ақсай қаласындағы ойын-сауық орталықтарына барып жүр.

Осы мәселенің шешімін тапқан жаңалық-аудан орталығында балаларға арналған «Diana Plaza» ойын-сауық орталығының ашылуы болды. Қос қабатты ауқымды ғимараттың төменгі қабаты балалардың сүйікті орнына айналғалы тұр. Жалпы ғимараттың аумағы 1000 ш/ метрге жуық, ал балалар үшін мұнда жұмсақ ойын алаңдары, секіру батуттары, сырғанақтар, үш қабатты лабиринт, арқанмен сырғу құрылғысы (тарзанка), айналуға арналған «Пальма» құрылғысы, өрмелеу, тартылып шығуға арналған биіктіктер қойылған. Барлық ойын құралдары қалың, жұмсақ қаптамалармен қапталып, балалардың жарақат алмауына икемделіп жасалған. Қабырғаларға жұмсақ жіптен жасалған торлар ұсталып, ғимарат бағандары қалың қаптама материалдармен қапталған.

Ойын-сауық орталғының иесі-аудан тұрғыны, «Абдуғалиевтар» ш/қ жетекшісі Саламат Абдуғалиев. Ол өз қаражатынан осынау замануи реңктегі ғимаратты тұрғызып, ішін Алматы қаласындағы балалар ойын құралдарын жасайтын «Golden lab» компанисының арнайы ойын құрылғыларымен толтырған. Ал, бұл өз кезегінде аудан бүлдіршіндеріне аса қуанышты жаңалық болып отыр.
- Балаларды апаратын осындай орынның жоқтығын ойлап жүретін едік, жолдасым екеуміз осындай орынды біз жасасақ қайтеді деп шештік, себебі балаларды ойнататын жер бәрібір керек еді. Міне, сәтімен жүзеге асып жатыр. Жұмыс күндері кіру ақысы-3000 тг, ал көпбалалы отбасыларға- 2500 теңге деп белгілеп отырмыз. Ал, демалыс және мереке күндері баға 3500 тг (көпбалалы отбасыларға-3000тг). Ойнау уақыты шектеусіз, аталған соманы төлеген адам орталық жұмысының аяғына дейін балаларын ойната алады. Сондай-ақ, 3 жасқа дейінгі балаларға кіру ақысы-2000 тг және осы жастағы кішкентай балалардың кіруі тегін, - деп отыр Саламаттың жары Диана Әбдуғалиева.

Орталық демалыссыз жұмыс жасайды, жұмыс уақыты таңғы 9:00-ден кешкі 22:00-дейін болмақ. Бұл өз кезегінде балалардың кез-келген уақытта ойын алаңына келуіне мүмкіндік береді.
Ғимараттың жоғарғы қабатында талапқа сай жасақталған сауда дүңгіршектері орналасқан. Кәсіпкер бұл орындарды сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкерлерге жалға бермек. Сонымен қатар, жоғарғы қабатта асхана да болмақ. Бұл орталыққа келген балалар мен олардың ата-аналарын ғана қамтып қоймай, тамақтанғысы келген аудан тұрғындарына да ас мәзірін ұсынатын орынға айналмақ.

Жаңа нысанның ашылу рәсіміне аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев қатысып, ашылу салтанаты ғимарат алдына жас көшеттер егумен бастау алды. Көрнекті іспен көпшілікті құттықтаған аудан басшысы бұл жаңалықты ауданымыздағы шағын және орта бизнесті дамыту жұмысының жақсы деңгейде жүріп жатырғандығының нақты көрінісі екенін және балаларымыздың алаңсыз, қауіпсіз жерде ойнауы, оларға осындай жағдайлардың жасала беру қажеттігі туралы айтып өтті. Көпке үлгі болар көрнекті кәсіпті іске асырған , атсалысқан жандарға ықыласын білдіріп, алғыс хат табыс етті.
Дәмеш Қалмұхамбетова, аудан тұрғыны:
- Негізі өте қажет еді. Кішкентай балаларымыз бар, апаратын орын жоқ еді. Жолдасымның бар уақыты жұмысында өтеді, жақын қалаларға балаларды апаруға мүмкіндік бола бермейтін. Енді міне, өзімізде бар. Мысалы қазір балалар ойынға кірісіп кетті, құйттай бөпесін қарауға кірген 11 жастағы қызымның өзі ойынға кіріп кеткен. Бұл ата-аналар үшін де, балалар үшін де өте жақсы болды. Кәсіп иелеріне рахмет және сәттілік тілеймін!
Мұндай орындар дені сау, белсенді әрі жан-жақты дамыған ұрпақ өсіру және сауатты, салауатты ұлт қалыптастыруды мұрат тұтқан ел мүддесі үшін маңызды қажеттілік.
Қаршыға Асу,
Шыңғырлау ауданы