Әрбір адамның тұлға болып қалыптасуы ең алдымен отбасынан басталады. Әке мен ананың тәрбиесі – баланың болашағына бағыт беретін басты фактор. Сондықтан да қоғамда отбасы институтын нығайту, ата-ана беделін арттыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Бұл туралы Махамбет ауылында өткен «Әже өнегесі – ұрпаққа бағдар» атты аудандық семинарда БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шалқыма Құрманалина айтты.
«Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған тағылымы мол іс-шараның басты мақсаты ұлттық құндылықты дәріптеу, әже тәрбиесінің маңызын кеңінен насихаттау, жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беру және отбасы институтының рөлін нығайту болды. Жиынға аналар кеңесінің мүшелері, ардагер ұстаздар, мәдениет және білім саласының өкілдері қатысты.
Семинарды ашқан Махамбет орта мектебінің директоры Алтынбек Өтебалиев өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі отбасы мен мектептің бірлескен жұмысының маңызын атап өтті.
Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен ұрпақ тәрбиесіне айрықша көңіл бөлу – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта ұйымдастырылған «Салауатты сана» жобасы – жас ұрпақтың саналы, тәрбиелі, жауапты азамат болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды бастамалардың бірі.
Аталған жоба аясында ел анасы атанған ғалым Шалқыма Құрманалина мазмұнды баяндама жасап, ұлттық құндылықтардың қоғамдағы рөліне кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде отбасының тәрбиедегі маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары елімізде Отбасы күні, Әкелер күні, Аналар күні сияқты мерекелердің енгізілуі – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл бастамалар қоғамда отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беруге ықпал етеді. Ұлттық мереке – Наурызды жаңа форматта атап өту барысында «Шаңырақ күні» енгізіліп, отбасы құндылықтарына ерекше мән берілуі де – тәрбиелік мәні зор бастама. Бұл күн – әрбір шаңырақтың берекесін арттырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған. «Адал азамат» тұжырымдамасының да маңызы зор. Адал еңбек етіп, әділдік пен жауапкершілікті ту еткен, қоғамға пайдалы тұлға қалыптастыруға бағытталған идеяға да жіті назар аудару керек.
Семинар барысында «Кітап – рухани қазына, ұрпаққа аманат» тақырыбында ауыл кітапханашылары Ғалима Шүкірова мен Ақжарқын Сатаева баяндама жасап, кітаптың бала тәрбиесіндегі орнына тоқталды. Ал Махамбеттегі мәдениет үйінің меңгерушісі, хореограф Ағила Абдрахманова жас ұрпақты тәрбиелеудегі өнердің, әсіресе бидің тәрбиелік мәні туралы ой бөлісті.
«Өткеннен өнеге – бүгінге бағдар» бөлімінде «Замандастар» клубының әжелері өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, ұлттық тәрбиенің мән-маңызына тоқталды.
Ал «Мектептегі үйірме жұмыстары – тәрбие негізі» бөлімінде мектеп үйірмелері жетекшілері өз жұмыстарын таныстырып, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытудағы жетістіктерімен бөлісті.
Семинар аясында «Жеңгелер» клубы мен «Сымбат» қыздар клубының жұмыстары да таныстырылып, қыз тәрбиесінің ұлттық құндылықтарға негізделген үлгілері көрсетілді. Сонымен қатар, «Балалар кітапханасы» жобасы шеңберіндегі рухани дамудың маңызы айтылды.
Кеш барысында домбыра күмбірлеп, күй орындалып, ұлттық өнердің құдіреті тағы бір мәрте айшықталды.

Семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Қорытынды сөз сөйлеген аудандық білім бөлімінің әдіскері Г. Жұмағалиева бүгінгі шараның маңыздылығын атап өтіп, мұндай тағылымды кездесулердің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі зор екенін жеткізді.
Гүлім Мақсотқызы
Бәйтерек ауданы