25.04.2026, 11:00
Оқылды: 5

Жаңақала ауданына «Һибатулла Тарази» орталық мешітінің наиб имамы іссапармен келді

Кеше Жамбыл облысынан арнайы келген «Һибатулла Тарази» орталық мешітінің наиб имамы Нұрәлі Бақытұлы Жаңақала ауданына іссапармен табан тіреді. Сапардың негізгі мақсаты – жергілікті тұрғындармен жүздесу, діни-рухани бағыттағы түсіндіру жұмыстарын жүргізу және имандылық құндылықтарды насихаттау.

image-24-04-26-09-38-3
Кездесу барысында Нұрәлі Бақытұлы ең алдымен қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмысы мен дініміздің ешқашан бір-біріне қайшы келмегенін баса айтты.
Имам өз сөзінде бүгінгі қоғамдағы дін мен дәстүрдің аражігін ажырата алмай жүрген кейбір адамдар үшін өте өзекті мәселелерді қозғап, имандылық пен ұлттық құндылықтардың сабақтастығы туралы терең ой қозғады. Әсіресе, кейінгі уақытта дін жолына түскен жастардың арасында ұлттық мерекеміз – Наурызды жат санау немесе қазақтың жаны болған домбыраны жоққа шығару секілді теріс түсініктердің белең алып бара жатқанына тоқталды. Имамның айтуынша, Наурыз – табиғаттың жаңаруы мен берекенің бастауы, ал домбыра – бабалар аманаты мен тарихымыздың шежіресі. Сондықтан иманды жан өз ұлтының мәдениетін қадірлеп, домбыраның үнінен рухани азық ала білуі керектігін, дін жолында жүру ұлттық құндылықтардан бас тарту деген сөз емес, керісінше, сол құндылықтарды иманмен көркемдеу екенін жеткізді.
Сонымен қатар, қазіргі қоғамның ең ауыр дертіне айналған отбасының күйреуі мәселесі де назардан тыс қалмады. Нұрәлі Бақытұлы еліміздің ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы қатарда тұрғанына үлкен өкініш білдіріп, мұның басты себебі – сабыр мен жауапкершіліктің азаюында екенін айтты.
Сонымен қатар, кездесу барысында ұрпақ тәрбиесін айрықша атап өтіп, бүгінгі қоғамның ертеңі тікелей жастардың бойына егілген тәлім-тәрбиеге байланысты екенін сөз етті. Имамның пайымынша, тәрбие – тек отбасының немесе мектептің ғана міндеті емес, бұл тұтас қоғам болып атсалысатын үлкен жауапкершілік. Ол қазіргі жаһандану заманында жастардың санасын жат ағымдар мен жат мәдениеттерден қорғаудың жалғыз жолы – ұлттық тәрбие мен имандылықты ұштастыру екенін айтты.
Әсіресе, әлеуметтік желілердің ықпалы күшейген заманда баланың бос уақыты мен оның не нәрседен үлгі алып жүргеніне ата-ананың жіті назар аударуы қажеттігін баса айтты. Нағыз тәрбие – құрғақ сөзбен емес, үлкендердің көрсеткен үлгі-өнегесімен, адал еңбегімен және мейірімділігімен берілуі тиіс екенін айта отырып, тәрбиенің негізі – әдептілік, ал әдептілік дініміздің жартысы екенін түсіндірді. Жастарды жат әдеттер мен зиянды әрекеттерден сақтау үшін олардың жүрегіне ерте жастан адамгершілік нәрін себудің маңыздылығын жеткізді.
Осы ретте ол қазақи тәрбиенің негізі саналатын «сәлем салу» дәстүріне тоқталып, мұны «ширк» деп қабылдайтындардың уәжі қате екенін түсіндірді. Ол келіннің үлкенге иіліп сәлем беруі – Аллаға серік қосу емес, бұл қазаққа ғана тән, сыйластық пен кішіпейілділіктің озық үлгісі. Мұндай ізеттілік сақталған жерде отбасының берекесі артып, жастардың үлкенге деген құрметі нығая түсетінін алға тартты.

image-24-04-26-09-38-1
Қасиетті Рамазан айы мен Ораза ұстау мәселесі де әңгіменің арқауына айналды. Имам оразаның тек аш жүру емес, ол ең алдымен рухани тәрбие, нәпсіні тыю және өзгеге жақсылық жасау айы екенін еске салды.

image-24-04-26-09-38
Тұрғындар болса көкейінде жүрген сұрақтарын қойып тұшымды жауап алды. Бұл сапар халық үшін діни дәріс қана емес, сонымен бірге ұлттық бірегейлікті сақтауға, дәстүрлі құндылықтарды қастерлеуге шақырған үлкен рухани азық болды. Нұрәлі Бақытұлының салиқалы ойлары аудан жұртшылығының көкейінде жүрген көптеген сауалдарға нақты жауап беріп, дін мен дәстүрдің егіз ұғым екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.

Райхан Хамзина

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале