
120 шақырымнан келген қонақтар
... Әлқисса, өткен дүйсенбіде сәске түске таман редакцияға сау етіп бір топ жеткіншек кіріп келді. Бойлары әркелкі болғанымен, бәрі сегізінші сыныптың оқушылары болып шықты. Оларды Ақжайық ауданындағы Алғабас ауылдық кітапханасының кітапханашысы Шынар Болатова, аталмыш елді мекендегі мектептің кітапханашысы Ғалия Едресова және жаңағы бір топ ұл-қыздың сынып жетекшісі Бота Мұқанғалиева бастап келген екен. Бас редактордың кабинетінде амандық-саулық сұрасқан соң, «Алғабас» комьюнити орталығының кітапханашысы Шынар Болатова:
– 23 сәуір – Ұлттық кітап күні қарсаңында біз жақында балалар әдебиетін дамытуға қосқан айтулы үлесі үшін халықаралық «Ертөстік» әдеби сыйлығының лауреаты атанған жазушы Бауыржан Ғұбайдуллинмен кездесуге арнайы келдік. Кітапханашы ретінде біз сіздің кітаптарыңызды шынайы ынта-ықыласпен насихаттаймыз. Ал балалар сіздің шығармаларыңызды зейін қойып қызыға оқиды. Оған қазір өзіңіз де куә боласыз, – деп сөз бастады. Сосын ол ауылдың дәмі ретінде біраз сықпа құрт ұсынды. Ал жазушы өзін іздеп келген өрендерге өзінің алғашқы кітабы «Күн-баланың» бірнеше данасын таратты.
Өз кезегінде бас редакторымыз облыстық басылымның тарихы туралы танымдық-тағылымдық сипатта әңгіме өрбітті. Кітап пен көркем әдебиеттің бала тәрбиесі мен адам өміріндегі, адамзат қоғамындағы мән-маңызы жөнінде де айтып өтті. Сонан соң ол: – Ал енді балалар, мен сендерге редакцияны аралатып, журналист аға-апаларыңмен таныстырайын. Газеттің ертең шығатын нөмірінің дайындалу үдерісін көрсетейін, – деді.
«Орал өңірінің» жасөспірім-көкөрім оқырмандары редакцияның тыныс-тіршілігімен қызыға танысты.

«Маған «Шыңғыскірпияз, Чингизкаприз» деген бала туралы әңгімеңіз қатты ұнады»
120 шақырым қашықтықтан келген қонақтар редакцияны аралап, бас редактордың кабинетіне қайта кіргенде, оларды алма-құрма, кәмпит-күлше қойылған дастарқан күтіп тұр еді. Балалар осы ырыздықтан дәм тата отырып, енді жазушымен жүздесуді өздері қыздырды. Айсана Бауыржан ағайдың «Сыйлық» деген тақпағын тақылдап тұрып айтып берді. Элнара «Балақан мен ботақан» деген өлеңді мәнерлеп оқыды. Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан өрендер арасында оқыған кітаптары туралы айтуды да ұмытпады. Мысалы, Шәкира есімді балауса оқырман:
– Мен сіздің «Жиһанкез» Ақкербез» деген кітабыңызды оқыдым. Күшті кітап! Маған әсіресе, «Шыңғыс-кірпияз, Чингиз-каприз» деген бала туралы әңгімеңіз қатты ұнады, – деді. Ал Нұртілеу деген жеткіншек үй ішімен кітап оқуға құштар екендіктерін тілге тиек етті.
– Біз отбасымызбен кітап оқығанды жақсы көреміз. Кітап оқу жөніндегі аудандық байқауға қатысып, «Үздік оқырман отбасы» аталымын иелендік. Үбина әжем бізге әлі күнге дейін ертегіге қоса, тағылымды және тарихи мазмұндағы аңыз-әңгімелерді айтып отырады. Маған Бауыржан ағайдың газет тарихы туралы айтқаны, журналист аға-апалармен және редакцияның жұмысымен таныстырғаны ерекше әсер етті, – деді ол.

«Бірден жиырма шақты жеткіншек іздеп келеді деп күткен жоқпын»
Үлкен-кіші қонақтарды шығарып салғаннан кейін, өзара әңгіме барысында Бауыржан ағай былайша сыр тарқатты:
– Осыдан бірер апта бұрын Алғабас ауылынан Шынар есімді кітапханашы хабарласып, оқушыларды ертіп барып, менімен жүздескісі келетінін айтқан-ды. Газеттің келесі санына жарияланатын мақала-материалдарды оқып отырғандықтан, тіпті қай ауданға қарасты Алғабас екенін де сұрамаппын. Бәлкім ол айтқан болар, қарбалас жұмыспен отырып мен өзім аңғармаған шығармын. Әрі кетсе сабағы үздік, тәртібі үлгілі төртбес, бес-алты оқушымен келетін шығар деп ойладым да қойдым. Ал тұтас бір класс,яғни, жиырмаға жуық жеткіншек өзімді балалар жазушысы ретінде әдейілеп іздеп келгенде әрі таңқалдым, әрі сүйсіндім. Турасын айтқанда, бұл да бір жақсы сенсация болды!

Демек, мұғалімдер мен кітапханашыларға қоса, ата-аналардың өздері жас ұрпақты кітап оқуға жетелесе, бүгінгі балалар да, әрине, кітап оқиды. Ал кітап дегеніміз, жалпы, көркем әдебиет әлемі жас санаға, пәк санаға ізгілік дәнін себетін, адамзат қоғамын ізгілендіре түсетін таңғажайып дүние, ең керемет әлем. Сондықтан осындай ғибратты сапарды ұйымдастырған жоғарыда аты-жөні аталған кітапханашы һәм мұғалім қарындастарға, олардың бастамасын қолдаған Алғабас ауылдық округінің әкімі Ырысбек Есқалиев пен Алғабас жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Дияр Боранбаевқа өзіме қоса, редакциядағы әріптестерімнің, сондай-ақ «Орал өңірі» газетінің мың-сан оқырмандарының атынан дән ризашылығымды білдіремін.
zhaikpress.kz
